Қарағандыда асырап алған 5 баланы қорлаған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды

Қарағандыда қамқорлығына алған балаларды қорлаған Қарқаралы ауданының тұрғынына қатысты сот ісі жүріп жатыр. Ауданның қамқоршылық органы аталмыш жайтқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы, NEGE. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының білім бөлімінің қамқоршылық органы өкілдерінің сөзінше, қорлық көрген және ұрып-соғуға ұшыраған балалар бұл жайт туралы психологқа айтқан. Жетімдер қамқоршысынан жәбір көргені жайлы Балалар үйіне қайтарылғаннан кейін ғана мәлімдеген. Бұған дейін балалардың жағдайын тексеру кезінде қамқоршы орган мамандары асыраушы отбасы тарапынан ешқандай бұзушылықтар байқалмағанын айтады.
— 2018 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бес бала Қоянды ауылына бір отбасына асырауға берілді. «Неке және отбасы туралы» Кодекске сәйкес, қамқоршылық органдары жылына екі рет отбасын тексеріп отырды. Алайда, балалар тарапынан немесе тұрғындар тарапынан ешқандай шағым болған жоқ. Әжесі үш немересіне екі рет барып келген, оның тарапынан да шағым болған жоқ, - деп түсінік берді «Қарқаралы ауданының білім бөлімі» ММ қорғаншы және қамқоршы органының бас маманы Сая Аскен.
Балалардың әжесінің айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы немерелерін іздеп, кейін оларды 2019 жылы телеарналардың бірінде жарияланған репортаждан кездейсоқ көріп қалған. Содан кейін немерелерін асырап алған отбасыға бірнеше рет барып, балалармен кездескен.
— Бұл — менің жалғыз ұлымнан туған немерелерім. Оның азаматтық некеде болған әйелі балаларды Балалар үйіне тапсырып жіберген. Ұлым қайтыс болып, оны жерлегеннен кейін мен балаларды іздей бастадым. Бірақ маған қамқоршының мекен жайын бермеді. Содан кейін мен оларды республикалық телеарнадағы репортаждардың бірінен кездейсоқ көріп қалдым. Содан соң ол жаққа екі рет бардым. Балалар жүдеу көрінді, бірақ олар бәрі жақсы деп сендірді. Оларды қамқоршылыққа алу құжаттарын рәсімдей алмадым, себебі балалар анасының атына жазылған, тегі басқа. Бұл балалар менің немерелерім екенін дәлелдей алмадым. Биыл адвокаттардың көмегімен қамқоршылықты рәсімдедім. Сол кезде немерелерім асыраушысының тарапынан қандай қорлық көргенін айтып берді, - дейді балалардың әжесі.
Белгілі болғандай, 2023 жылы 5 бүлдіршінді асырап алған қамқоршы Қарқаралы ауданының білім бөліміне барып, балалардан бас тарту туралы өтініш жазған. Онда денсаулығының нашарлағанын әңгімеге өзек еткен. Өтінішке сай, бесеуі балаларды қолдау орталығына тапсырылды. Психологпен әңгімелесу барысында асыранды бүлдіршіндердің қамқоршысынан қорлық көргені белгілі болды.
— Психологқа асырап алған ата-анасынан балалардың қатыгездік көргені айтылды. Бұл жайт әкімшілік полицияға хабарланды. Қарқаралы аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады, тергеу шаралары жүргізілді, деп толықтырды қамқоршылық органының маманы.
Бүгінгі таңда үш бала әжесінің қамқорлығында, қалған екеуі жетімдер үйінде.
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қамқоршы асырап алған балаларды қорлауына қатысты сот процесі басталды.