24 Мамыр 13:59
...

Қарағанды облысының әкімі «АрселорМиттал Теміртау» басшылығына қандай талаптар қойды?

Фото:

2006 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» шахталарында жүзден астам адам қаза тапқан. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де мәлімдеген еді. 

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев NEGE тілшісінің сұрақтарына жауап берді. 

«Сіз әкім болып келгелі миллиардер Лакшми Митталмен немесе оның өкілдерімен кездестіңіз бе? Егер кездессеңіз, оларға президенттің облыстағы өкілі ретінде қандай нақты талаптар қойдыңыз?», – деп сұрады тілшіміз. 

Әкімнің айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» басшыларымен ай сайын кездесу ұйымдастырылып, қордаланған мәселелер талқыланады екен. 

«Бізде «АрселорМитталдың» басшыларымен ай сайын кездесу болады. Жұмысымызда үш жақты комиссиямыз бар. Комиссия экология, өндірістік қауіпсіздік, жұмыскерлердің жалақысы бойынша барлық сұрақтарды кәсіподақпен қосылып талқылайды. Бұл жерде атқарылатын жұмыс өте көп. «Арселор Миттал» қазіргі таңда жұмыстарын бастады. Мысал келтіретін болсақ, шахталарда комбайндарды сатып, соларды енгізіп жатыр. Шахтерлердің әлеуметтік жағдайын да қарастырып, жұмыстар жүргізілуде. Кезең-кезеңімен жергілікті әкімшілік аталмыш жұмыстарды ары қарай жалғастыратын болады», – деп жауап берді Ермағанбет Бөлекпаев NEGE тілшісінің сауалына. 

Сонымен қатар, әкім талаптарды нақтылап өтті. 

«Нақты талаптарға келер болсақ, шахталарға электронды орналастыруларды қойыңдар дедік. Одан кейін кейбір шахталарда өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімі деген бар. Солардың талаптары бойынша көп нысандарды қалпына келтіру үшін сотқа беріп жатыр. Мүндай жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Егер қандай да бір нақты объектілер туралы білу керек болса, онда бізге жазбаша сауал жіберсеңіздер болады», – деп жауап берді Бөлекпаев. 

Тегтер: