8 Сәуір 17:40

Қарағанды: 55 спорт алаңы салынады

Фото:

Қазақстанда 2025 жылға қарай елдің әрбір екінші тұрғыны спортпен шұғылданады деп болжануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы, NEGE. Бұл мақсатқа қалай жетуге болатындығы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен Қарағандыда көшпелі жиында айтылды.

Бұл басқосуға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, басқа облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары және облыстардың дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары қатысты.

«Қарағанды ел аймақтарындағы спорт саласының жай-күйі мен қажеттіліктерін зерттеудің бастапқы нүктесі болып табылады. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Басты мақсат – отандық спортты дамытудың кешенді жоспарын қалыптастыру. Бұқаралық және балалар спортын дамытуды ерекше атап өту қажет. Тағы бір басым бағыт – ауылдық білім беру мекемелерін тарта отырып, командалық спорт түрлерінен ұлттық мектеп және студенттік лигаларды дамыту», - деді Дәурен Абаев.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев 2022 жылдың мамыр айынан бастап бірқатар өңірлерде «Қолжетімді спорт» жобасын жүзеге асыру басталатынын айтты. Аталмыш жоба елордада өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді.

«Бұқаралық спорттың мәні тек қамтуды арттыру емес екенін бәріміз түсінеміз. Спорт дарындарын тауып, дамыту, талантты балалардан спорт шеберлерін тәрбиелеу, оларға барлық жағдай жасау қажет. Ол үшін қалалар мен ауылдық жерлерде жаңа нысандар салып жатырмыз. Біз нұсқаушыларды, жаттықтырушыларды дайындаймыз, жарыстар өткіземіз. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді ортаны кеңейтіп жатырмыз», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев Қарағанды облысындағы спорттық резервтің дайындығы туралы айтты. Облыста спорттың 100 түрі дамып келеді, оның 44-і олимпиадалық. 456 мыңнан астам адамды қамтитын 1402 дене шынықтыру және спорт ұйымы бар. Жоғары оқу орындарында спорт кадрларын даярлауға облыстық бюджеттен гранттар бөлінеді. Халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олардың жаттықтырушыларына сыйақы, сондай-ақ ай сайынғы жәрдемақы беріледі. Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары жүзеге асырылуда.

Биыл төрт жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, екі жүзу бассейнін ашу, 55 спорт алаңын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ жиында республикалық мониторингтік топтың өңірлердегі жұмысының қорытындысы шығарылды. Дәурен Абаев жұмыс сапары барысында Қарағандыда азаматтарды қабылдау өткізді. Сонымен қатар, министр спорт нысандарының қызметімен танысты: «Атлант» кешенін, үлкен және үстел теннисі орталықтарын аралады.

Тегтер: