26 Қаңтар 16:30
...

Қарағанды облысында ветстанция қызметкері тазыларды атып өлтірген

uck.kz
Фото: uck.kz

Оқиға Ақтас кентіндегі жеке панажай аумағында болған.

Астана, NEGE. 13 қаңтар күні панажай иесі, ұлттық ит тұқымын сақтаумен 20 жылдан бері айналысып келе жатқан Александр Котеля екі иттің өліп жатқанын анықтаған. 

Оның айтуынша, жануарларды дротикпен атқан. Сонымен қатар тағы үш ит жоғалып кеткен.

«Мен иттерге азықты өзім сатып аламын, вакцина салдырамын, күтім жасаймын. Панажай аумағын биік қоршаумен қоршап, бейнебақылау камераларын орнаттым, бірақ бұл менің қамқорымдағы жануарларды құтқара алмады. Мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ – иттерді бұған дейін де атқан, бұл шамамен үш апта бұрын басталды», – деді Котеля.

Тазы иттерін атуға қатысты тағы бір оқиға 15 қаңтар күні Қарағанды қаласындағы жеке үйлердің бірінде тіркелген.

«Біз полиция шақырдық – бейнежазбалар арқылы атқан адамды анықтадық, ол ветстанция қызметкері болып шықты. Екі жағдайда да әлгі адам жеке аумаққа кіріп, жануарларды өлтірген. Мен учаскелік полиция қызметкерімен байланысып, 13 қаңтардағы бейнебақылау жазбаларын тексеруді сұрадым, өйткені ол бейнежазбаларды қарай алады. Алайда олар тексергісі келмеді… Сотқа жүгінуге кеңес берді. Бірақ белгілісі – атқан адам кінәсін мойындап, бәрін растаған. Біз сотқа талап арыз беруге дайындалып жатырмыз», – дейді Александр Котеля.

Полиция 17 қаңтар күні арыз түскенін растады, алайда ол қараусыз қалдырылған.

«Арыз қабылданып, тексеру жүргізілді. Ветстанция қызметкері атқаны анықталды, – делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарламасында.

Полиция өкілдерінің нақтылауынша, бұл жағдайда азаматтық-құқықтық қатынастар бар деп танылғандықтан, арыз иесіне сотқа жүгінуге кеңес берілген.