Қар көшкіні – қауіпті. Шымбұлақта бір адам қайтыс болды
10 наурыз күні Шымбұлақ тау-шаңғы курортында қар көшкіні жүріп, бір адам қаза тапты. Қаза болған азамат жолдан шығып кетіп, қар көшкінін бөгейтін тас қалқанға соғылған. Құтқарушылар 7 минутта оқиға орнына жетіп, келушіні қардан шығарып алса да, жанын сақтап қала алмады.
Алматы, NEGE. Бүгін таңда Шымбұлақ әкімшілігі тауда қар көшкіні қаупі барын айтып ескерту жасаған-ды. Тау курортының әлеуметтік желідегі парақшасында 20 см дейін қар түскені хабарланды.

Шымбұлақ тау-шаңғы курортында негізгі Комби-1 және Комби-2 арнайы жолы бар. Комби-2 3200 метр биіктіктен бастау алады. Қар көшкіні қаупін ескерген әкімшілік осы жолға келушілерді өткізбеген. Бірақ, сәл төменірек орналасқан комби-1 қалыпты режимде жұмыс істеп тұрған.

Шымбұлақ әкімшілігі таратқан ақпарға сүйенсек, курорт құтқарушыларына сағат 10:58-де тау бөктерінде қар көшкіні болғаны туралы хабар түскен. Арадан 7 минут өткенде құтқарушылар қар астында қалған келушіні қазып алған.
Қайтыс болған азаматтың кім екені әзірге белгісіз, тек 1975 жылы туғаны хабарланды. Ол сырғанауға рұқсат етілген соқпақтан шығып кеткен. Құтқарушылар азаматты 11:25 минутта медициналық пунктке жеткізіпті. Дәрігерлер бірнеше минуттан кейін оның қайтыс болғанын анықтады.
Әкімшіліктің мәліметінше, ер адамда қар көшкініне түскеннен кейін, одан қашуға тырысқан. Бірақ көшкін тас бөгетке тартып, оның бұрышына соғылған. Оның үстіне қайтыс болған азаматтың жанында қар көшкініне қарсы қажетті құрал-жабдықтар: дыбыс сигналы, зонд және күрек болмаған.
Осы жағдайдан кейін Шымбұлақ курортының мобильді қосымшасында «қар көшкінінде қажетті бұйымдарды жалға береміз» деген жазба жарияланды.

Осы маусымда аталған курортқа бірнеше рет бардық. Құтқарушылар ісін еш мүлтіксіз атқаратынына да куә болғанбыз. Сонда байқағанымыз келушілердің дені қауіпсіздік ережелерін ескере бермейді.
NEGE.KZ тілшісі өткен аптада жабық соқпақтардың біріне шығып кетіп, таудан домалап барып шырша ағашына баспен соғылып еді. Құтқарушылар бас-аяғы 10 минутта жетіп, жедел көмек көрсеткенінің арқасында жеңіл жарақат алды.

Мұндай жағдай күн сайын болатынын ескерсек азаматтарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды міндеттеу керек іспетті.
Қазір оқып жатыр
«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы
«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы
Ескертуді елеместен Таяу Шығысқа кеткен қазақстандықтар жауапқа тартыла ма?
Маңғыстаулық Ұлы Отан соғысының ардагері бейбітшілікті бағалап, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды