27 Ақпан 13:21
...

Қапез Байғабылұлының қызы баспанасыз жүр

Қапез Байғабылұлының қызы
Фото: әлеуметтік желіден

Бұл туралы журналист Салтанат Бакеева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Алматы, NEGE. Қапез Байғабылұлы Алматы облысы, Кеген, Тоғызбұлақ ауылы маңындағы Ақтоғай елді мекенде дүниеге келген. Ақын, әнші-композитор, ағартушы, педагог, публицист, қоғам қайраткері Қапез Байғабылұлы небәрі 43 жасында Коми АССР Ухта қаласының түрмесінде жазықсыз атылған.

Қапез Байғабылұлының қызы
Фото: әлеуметтік желіден

«Шөке әжеміз төрт баладан қалған жалғыз тұяқ. Жақсының жалғыз қарашығы тоқсанның төртеуіне келген – кейуана. Шөке Қапезқызы – асылдың сынығы, тектінің тұяғы. Әкесін халық жауы деп ұстап әкеткенде небәрі алты жастағы ойын баласы еді.

Сол қасіретті күнді әжеміз былай еске алады: «1937 жылдың қақаған қаңтарында әкемді жаяу айдап әкетті. Әкем барда үкімет үй берген, екі айдан кейін тартып алып, әкемнен қалған асыл мұралармен қоса өртеп жіберді, қаншама құнды кітаптар, өзінің еңбектері жанып кетті. Қиын қыстау жылдары інісі Әбіштің үйінде тұрдық. Әкемнің көзін көрген, жақсылығы өткен кісілердің бәрі көмектесті. Кейіннен мектептен бір бөлме бұйырды. 

Түрмедегі әкеме Нұржігіт ағам мен шешем Тоғызбұлақ ауылынан Кегенге тамақ таситын. Бір жолы кездесуге барғанда әкем қолымен он саусағын алдыға бір рет, артқа бір рет қаратып: «Әй, Жібек, осынша уақытқа кетіп барам, сендерді мүмкін көремін, мүмкін көрмеспін, бала-шағамызды жақсылап бақ, өзіңе аманат»,- депті. Сонда 20 жылға сотталғанын еркін айта алмайды. Нұржігіт ағам зерек болатын, шешеме қарап: «Жібек, (ата-апамыздың қолында болғасын шешемізді Жібе дейтінбіз) әкем тура жиырма жылға айдалып барады. Қолымен он дегенді екі рет көрсетті ғой»,- депті. Одан кейін Алматыға жаяу айдап кеткен күнді анам егіле отырып еске алатын: «Ақ қар, көк мұзда сонау жер түбіне жаяу әкетті. Тері ішігін киіп алған, тер басып, көзін қайта-қайта сүртеді. Өзі жүйрік еді ғой, топтың алдында екінші болып жүріп отырған, қайран, Қапезім». Сөйтіп, жылап алып, өзіне-өзі: «Қой балаларымды қорқытпайын», – дейтін. Алматыдан қайтпады, екі жылдан кейін «қара қағаз» келді. Артынан ағам мен анам барды, әкемнің қара жұмысқа жегіліп, жүдеп кеткенін көріп екеуі де барған сайын жылап келетін.

Әкеге деген сағыныш сарқылмайтын, сары уайымға толы, әжеміздің қатпар-қатпар әжіміндей тереңдеген сайын тереңдеген.

Көпшілік Қапез Байғабылұлын әнші, ақын- композитор, ұстаз ретінде ғана таниды. Бірақ қысқа ғұмырында қаншама игі істердің басында жүрді, он жеті жасында Стамбул шаһарынан білім алды, елге оралып қараша халықтың сауатын ашу үшін мектеп салуға бар күш-жігерін салды. Мысалы, Жалағаш, Тоғызбұлақ,Торайғыр, Сүмбе, Екаша, Ақтоғай, Кеген, Қырғызсай т.б. елді мекендерінде мектеп ашу ісін жолға қойған тұлға. Сонымен қатар Қарқара жәрмеңкесі жанынан мұғалімдердің білімін жетілдіру мектебін ашқан алғашқы қайраткер. Бір ғана ерлігі 1931-33 жылдардағы ашаршылық кезінде аш-жалаңаш Қарағанды, Семей жақтан ауып келген халыққа пана болады.

Елді жиып «Облатком» деген ауыл ұйымдастырып, ашқа-тамақ, жалаңашқа-киім үлестіріп, аман алып қалады. Сол еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, халық арасында абыройы артып, үлкен-кіші «Қапем» деп еркелеткен.

Осындай туған елінің ертеңі үшін өмір сүрген Қапез атамыздан қалған жалғыз қызы Шөке әжеміз бүгінде баспанасыз жүрген жайы бар.

Бүгінде асыл әжеміз Еңбекшіқазақ ауданы, Алмалы ауылында қыздарының күтімінде. Кейуананың жалғыз арманы – жағдайы жасалған бір бөлмелі басында баспана болса екен... Әжеміздің үйі болмаған соң әр қыздың үйінде кезек-кезек қонақ болып күн көріп жүр. Қызы Рита апай анасының ішерге тамағы, киерге киімі болғандықтан баспана жайын қатты құнттамадық, бір-екі жерге хат жазғанымен жауап болмаған соң, «жабулы қазан жабулы күйінде қалғанын» айтады. Өмірінің көбі өтіп, азы қалғанда қыздарына салмақ салмай, Алланың берген қалған жасын өз үйінде, өз төрінде өткізсем деген игі ой, асқақ арман. Уақытша жер үйде тұрып жүргеннен кейін де қарт кісінің далаға кіріп-шығуы қиын екені белгілі.
Құрметті, жоғары жақта отырған ел ағалары, үкімет басындағы басшылар мен қолы ашық азаматтар, сіздерден өтініп көмек сұраймыз, Шөке әжеміздің қаншама жылғы жүрек түкпіріндегі арманына қол жеткізуге ел болып бірге ат салысайық, арманына жеткізіп, қазыналы қарттың батасын алайық.

Репрессия құрбаны, халыққа қалтқысыз қызмет атқарған, біртуар тұлға Қапез Байғабылұлы әруағы алдындағы жақсылықтың өтеуі болар еді», – деп жазды Салтанат Бакеева.