Қаңтардан қаңтарға дейін. «Қазақстан халқына» қорына кім ақша аударды?
«Қазақстан халқына» қорына 2 жылда 196 млрд теңгеден аса қаражат түскен. «Ол қаражат денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, мәдениет пен спорт саласына бөлінген», – деді қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар бүлігінен кейін Қазақстанның байлығы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында байыған 162 адамның қолында екенін айтқан еді. Президент елде жылдар бойы әлеуметтік теңсіздік орнағанын және ауқатты кәсіпкерлер халыққа жүйелі әрі тұрақты түрде көмектесетін кезі келгенін ескертіп, «Қазақстан халқына» қоры құрылатынын мәлімдеген. Көп ұзамай құрылған қорға бизнесмендер мен олигархтар қомақты қаражат аудара бастады.
Болат Жәмішевтен журналистер экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында байыған олигархтардан кім қанша қаражат аударғанын сұраған еді, басқарма төрағасы былай деп жауап берді:
«Кәсіпорындардан қорға 131 млрд теңге түсті. Мүмкін «Самұрық-Қазынаны» санамағанда, қалған 39 млрд сіз сұрап тұрған сондай бизнесмендерден түскен шығар. Олардың ішіндегі белгілі адамдардан біздің қорға қандай себеппен ақша жібергенін біз сұрамаймыз. Түсініксіз жақтан ақша түспеу үшін бізге тек қана ақша белгілі бір кісіден не кәсіпорыннан түсуін қадағалаймыз. Сондықтан фамилиялары керек болса, біздің сайтта бәрі бар», – деді Б.Жәмішев.
Қаңтар бүлігінде балалар да зардап шеккені белгілі. «Қазақстан халқына» қоры қаза тапқан азаматтарының балаларына және жараланған балаларға білім беру гранттарын тағайындаған болатын. Қордың мәліметі бойынша, мұндай санатпен 11 бала оқу грантында оқып жатыр.
«Кайғылы оқиға кезінде көптеген азаматтар зардап шекті. Бас прокуратура үлкен жұмыс жүргізді. Ол жерде қылмыстық істер де болғанын білесіздер. Сайтымызға мәліметтерді жаңартып беріп отырамыз.
2023 жылғы 27 желтоқсан күнгі ақпаратымыз бойынша 705 адамға 2 млрд 625 млн теңге бөлінген. Кездейсоқ жарақат алған балалардың мәселесі бойынша 13 бала бар. Олардың жеке есепшоттарына 3 млн теңгеден бөлінген және қаза тапқан азаматтардың кәмелетке толмаған балаларының әрқайсына 2 млн теңгеден бердік. Ол балалардың тізімін жинап, «Қазақстан халқына» қоры тарапынан эндаумент қоры ашылған. Бүгінгі күні 11 бала білім гранттарын алып, Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында оқуларын бастап кетті және ай сайын 40 мың теңге стипендия алып отыр», – басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Қордың сайтындағы ақпараттар бойынша, қазіргі уақытта «Қазақстан халқына» қорының ең ірі демеушілерінің тізімін ERG бастап тұр – 30 млрд теңге. Одан кейін, Василий Асимовтан – 22 млрд теңгеден артық, ал «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан – 20 млрд теңге шамасында, «ArcelorMittal» компаниясынан – 16 млрд теңге аударылып, бестікті «KazMinerals» компаниялар тобы жауып отыр – 15,5 млрд теңге.
Одан кейін, «Қазцинк» – 13 млрд теңге аударған. Қорға ақша аударғандардың ішінде экс-президенттің отбасынан Тимур мен Динара Құлыбаевтар бар, олардың үлесі – 12 млрд теңге. Бұлар тізімде жетінші тұр. Одан кейін, Болат Өтемұратов пен «Каспий банк» – 10 млрд теңгеден аударыпты, ал тізімнің ондығын «Kazakhmys» компаниялар тобы 9 млрд 660 млн теңгемен жауып тұр.