Қаңтардағы қақтығыста әйелдерді зорлау фактісі тіркелді ме?

Қаңтардағы қақтығыстар кезінде әйел адамдардың зорланғаны туралы ақпарат айтылып жатты. Ол қаншалықты рас? Егер рас болса, қанша факті тіркелді? Қандай шара қолданылды?
Nege.kz порталының сауалына Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Оспанов Әсет Омарұлы жауап берді.
«Өздеріңіз де білесіздер, қаңтар оқиғасына қатысты бірқатар тергеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ сол кезеңде әйелдерді зорлау фактісі болған жоқ. Ондай бірде бір факті тіркелмеді», – деді басқарма бастығы Әсет Оспанов.
Қаңтар оқиғасы кезінде зорланған әйелдер болды деген деректер шыққан болатын. Сол күндері зорлық көрген әйелдер құқық қорғаушыларға болған жайтты арада біраз уақыт өткеннен кейін хабарлаған. Мысалы, «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының мүшелері жаппай тәртіпсіздіктер кезіндегі жыныстық зорлық-зомбылықтар туралы деректерді алға тартты.
Комиссия мүшелерінің айтуынша, зорлық-зомбылықтың екі фактісін тіркеген. «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының қаңтар айындағы оқиғаларды тергеу жөніндегі жетекшісі Айман Омарова әйелдердің бірінің сол күні топтық зорлауға түскенін айтқан еді.
«Бірақ ол арыз жазғысы келмейді, ал мен адамды арыз жазуға мәжбүрлей алмаймын. Сол күні топтық зорлау болды. Олар оны сүйреп зорлады. Оның шок алғаны соншалықты, «Тани аласың ба?» дегенде, «Бірін ғана, қалғандарын жоқ» дейді», – деді Айман Омарова.
Сондай жағдайдың бірін «Human Rights Lawyers» ҚҚ төрағасы Ләззат Рақышева да айтып берген еді.
«5 қаңтарда автобустар жүрмеді, сұлулық салонының қызметкерлері жұмыстан қайтып келе жатқанда оларды белгісіз біреулер зорлаған. Олар полицияға арызданған жоқ. Отбасылары, күйеулері болғандықтан жария еткісі келмеген», – деді Ләззат Рақышева.
Аталған екі факті бойынша да жәбірленушілер полицияға арыз түсірмеген.