7 Қараша 15:39
...

«Қаңтарда адам өлтіру бойынша 146 іс анықталды» – Бас прокуратура

Фото:

Бүгін ОКҚ алаңында Бас прокуратура Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу нәтижелерін жариялады. Прокуратура көрсеткен мәлімет бойынша, Қаңтарға қатысушылар «бейбіт шерушілер» мен «арандатушылар» емес, «қарулы қылмыскерлер» және «қиратушылар» деген атаумен айтылды.

–Қайғылы оқиғалар Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында орын алды. Сол күндері қылмыскерлер қаруды қолдану арқылы мақсатты түрде мемлекеттік объектілерді басып алып қиратқан. Бұл әрекеттердің мақсаты – көшелерде, халық арасында қорқыныш пен үрей туғызу. Қиратуға қатысушылар полиция мен әскерге және қарапайым адамдарға шабуыл жасады. Олар азаматтарды қорқыту арқылы жаппай тәртіпсіздіктерге шақырды, – деді Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Сондай-ақ ол «қарулы қылмыскерлердің» Президент резиденциясы мен әкімдіктерді басып алуға әрекеттенгенін айтты. Прокуратура өкілінің сөзінше, көтеріліс кезінде қарапайым азаматтардан гөрі полицей қызметкерлері көбірек зардап шеккен.

–Қаңтар оқиғалары кезінде ел бойынша 1 151 азамат жарақат алып, 3 998 қоғамдық тәртіп қызметкерлері зардап шекті. Нәтижесінде 100 млрд теңгеден астам сома залал келтірілді. Осы оқиға бойынша құқық қорғау органдарымен 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. Оның ішінде терроризм актілерімен 27 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша 131 және адам өлтіру бойынша 146 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Күдікті ретінде 1 600 адам анықталды, – деп мәлімдеді Елдос Қилымжанов ОКҚ алаңында.

Тегтер: