Қаңтарда әртістер қайда демалды?
Қыстың көзі қырауда әртіс біткеннің жылы жаққа демалуға жөнелетіні бар. Тілшіміз суға шомылып, күнге қыздырынып қайтқан шоу-бизнес өкілдерінің бірқатарын тізбектеп көрді.
Жаңа жылды өткере сала демалысқа аттанғандардың алғы сабында Мәдина Сәдуақасова бар. Әнші Тайландтың Пхукет аралында тыныстауды жөн көрген. Отбасылық демалыс көңілінен шықса керек: «Осы демалыстың демеушісі Олжас Смағұловқа рақмет! Бәрі супер болды, ұнады», – деп күйеуіне алғыс білдірді.
Тайландқа табан тірегендердің қатарында Айқын мен Жұлдыз да бар. Ұлы мен қызын ертіп барған ерлі-зайыпты желідегі парақшаларына түскен суреттерін салып, оқырмандары алдында көрген қызықтарын бөлісуге тырысқан.
Дегенмен, желідегі жұрт осы тұсты пайданалынып, олардың жеке өміріне тағы шүйлікті. «Айқынның бірінші әйелі мен балаларына жалко. Көріп, біртүрлі болатын шығар» десе, енді бір оқырманы «Қойыңдаршы, Айқын балаларын сірә бөлмейді ғой. Бәріне бірдей қарайды. Тіпті Жұлдыз да», – деп пікір қосқан.
Дариға Бадықова да Тайландқа барған. Пхукеттегі үлкен Будда мүсінінің қасында суретке түскен актрисаны «Сіз де біреудің Құдайына барып қайтыпсыз ғой» деп сөкендер болды.
Айтпақшы, түсірген киносы біраз табысқа кенелген актрисаның атынан ұтыс ұйымдастырған алаяқтар шығып, жазылушылар арасынан «сіздің аккаунтыңыз арқылы ұтыс ойынынан 1 млн теңге ұттыңыз деп жазып жатыр. Шын ба?» деп сауал тастағандар шықты. Актриса сан соғып қалмасын деп алаңдаушылық танытты ма олардың әрқайсысына «Өтірік, сенбеңіз» деп ескерту жасады.
Белгілі киноактер Еркебұлан Тоқтардың Шри-Ланкадан жүктеген фотосы жұртқа жақпай қалды.
Оның Будда бейнеленген храмның алдында алақанына гүл қыстырып отырғанын көрген желідегілер «Аллаға серік қосты» деп сөкті. Алайда өнер иесі көпшіліктің пікіріне «Бұл осы елдің мәдениеті, дінге дым қатысы жоқ. Сендер ақыл айта беріңдер, мен құптан оқып келейін» деп қайырды.
Ерке мен Раим болса ұлдарын ертіп Малдив аралдарына аттанды.
Демалысқа кетті дегені болмаса, жуырда сәби сүйген әншінің ұйқысы қанбай жүрген сыңайлы. «Бұрын Ислам жоқ кезде «не істеп шаршайтын едім?» деп ойлап қоямын кейде. Ұйқым биыл қанбайды-ау». – деп оқырмандарына мұңын шаққан.
Ал Бүркіт пен Аиша балаларын ертіп Балиде жүр. Биылғы демалыс Аишаның меншікті мерекесімен тұспа-тұс келсе керек.
«Сен өмірімде болғаның үшін Аллаға сансыз шүкіршілік етемін. Саған балалар үшін де, бәрі үшін алғыс айтамын. Маған әрқашан арқа сүйеуіңе болады. Кеудемде жаным барда әрдайым сенің қасыңда боламын. Туған күніңмен, өмірім!», – деп Бүркіт келіншегіне ақтарыла жазба арнап, әдемі гүл шоғын сыйлады.
Жүрген жерінде жұртты билетіп жүретін қос жұп теңіз жағасында да әдеттерінен танбай, түрлі бейнежазбалар мен вайн түсірген. Мұндай қуанышты сәттердің куәсі болған оқырмандары Балиден бір кәде есебінде бейнебаян түсіріп келулерін өтінді.