27 Қазан 12:08
...

ҚАҢТАР сабақтары. РЕСЕЙ: Қазақстанды қорғауға әзірміз!

Фото:

Ресей Қазақстанның аумақтық тұтастығын қорғауға көмек беруге әзір екенін мәлімдеді. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің хабарламасында айтылды.

«Қымбатты қазақстандық достар, Республика күніне орай жылы құттықтауымызды қабыл алыңыздар. Ресей үшін Қазақстан – жай ғана көрші ел, сауда-экономикалық алыс-беріс қатысушысы емес. Ресей тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтын сенімді одақтас, интеграциялық серіктес. Қажет болса, қорғауға да әзір», – делінген онда.

Елшіліктің мәлімдеуінше, «Қазақстан мемлекеттінің сенімді, ілгері дамуын бақылау қуантады. Елдің экономикалық көрсеткіштері өсіп, сыртқы саясатта және басқа да салаларда жетістіктері бар».

«Бұл біздің елдеріміздің стратегиялық әріптестіктің ортақ мүддесіне сай келеді. Кеңінен қарастырғанда, аймақтағы және еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылыққа маңызды үлес қосады. Қазақстандықтар Отанын шын жүректен жақсы көреді, бағалайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағыты бойынша Жаңа Қазақстанды құру үшін жұмыла кірісті. Қазақстандық бауырлас халыққа гүлдену, дәулет және жаңа жетістіктер тілейміз», – делінген хабарламада.

Фото: ғаламтордан

Әрине, бұл – елімізге одақтас, көршілес, тарихи даму жолы ұқсас елдің кәнігі дипломатының сиясымен жазылған құттықтау. Жүрекжарды жолдау. Дипломаттардың өштігі жоқ елдердің бәріне жылы лебізін аянып қалмайтыны бар. Десе де, бұл құттықтаудың мазмұны Ресейдың сыртқы істер министрі Сергей ЛАВРОВТЫҢ сөз саптауынан мүлде өзгеше. Ол, әдетте, Қазақстан туралы сөйлегенде «мемлекет» деген сөзді мүлде қолданбайтын. Оның орнына «территория» деген сөзді құп көретіні бар-ды.

Ресейдің Қазақстандағы елшілігі «қорғауға да әзір» дегенінен Қаңтар оқиғасын меңзегені байқалады. ҰҚШҰ-ның ұйытқысы болып отырған Ресей «Қаңтарда Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы сақтап қалдық» деп есептейді. Шындығында да, бұл бүлікті басудағы басты фактор – Ресейдің күші. Бұл – айқын нәрсе. «Осыны ұмытпаңдар» деген де ескерту жатқандай.

Ресей секілді әскери қуаты күшті елдің Қазақстанның тәуелсіздігі мен жеріміздің бүтіндігіне кепілдік береміз деуі – қуантарлық жағдай. Ресейдің билігінің қазақ жеріне көз алартқан, сыңаржақ саясаткерлерін тыйып, оңтүстік көршісімен достық, тату көршілік, бауырластық, ынтымақтастық орнатуына Қазақстан да аса мүдделі.

Мұның алдында Қытай көшбасшысы Си ЦЗИНЬПИН мен Түркияның лидері Ережеп Тайып ЕРДОҒАН да осы тақілеттес кепілдік берген болатын. Қуатты елдердің Қазақстанның аумақтық тұтастығына бірінен кейін бірі кепілдік беруіне геосаяси сілкіністердің түрткі болып жатқаны құпия болмаса керек. Бұл да – қазақ дипломатиясының ұтысы!

Ердоған мен Тоқаев. Фото: Ақорда

Десе де, «құрғақ қасық ауыз жыртады» деген қазақтың ежелгі тәмсілін ұмытпаған абзал. Будапешт меморандумы – еліміз үшін үлкен сабақ. Қазақстанмен бірге ядролық қарудан бас тартқан Украинаның тағдыры қазір қыл үстінде. Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне, аумақтық тұтастығына кепілдік берген елдердің бірі оның ту-талақайын шығарып жатса, екіншілері ескі-құсқы қаруын қарызға беріп, сауда жасап жатқан жайы бар. 

Сондықтан Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұрақтылығының жалғыз шынайы кепілі – Қазақстанның халқы мен әскері. Елдің татулығы мен ішкі бірлігі. Әрине, қажет кезінде қол созатын достардың да көп болғаны аса маңызды.

Тегтер: