USD
USD
USD

Қаңтар оқиғаларын зерттейтін тәуелсіз комиссия құрылды

Алматы да бір топ қоғам белсенділері қаңтар оқиғаларын зерттейтін тәуелсіз комиссия құрылғанын жария етті. Оның құрамына Рысбек Сәрсенбай, Ермұрат Бапи, Балташ Тұрсынбаев, Еркін Рақышов және бірқатар журналистер мен заңгерлер кірген.

Қаңтар оқиғаларын зерттейтін тәуелсіз комиссия құрылды
Фото: NEGE.kz

Комиссияның мақсаты – митингіге қатысқан, бірақ қылмысқа бармаған адамдарға көмек қолын созып, құқықтық жәрдем беру. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен бірлесе отырып, араша түсу. 

Балташ Тұрсынбаевтың дерегінше, күштік құрылымдар қамалғандарға күш көрсетіп жатқан көрінеді. Комиссия өкілдері ұрып-соғуды доғаруға шақырып отыр.

«Халық алаңнан кеткеннен кейін бейбіт шеруге шыққан адамдарды да ұстай бастайды. Қазір республика бойынша осындай жұмыстармен шұғылданып жатыр. Ұсталғандардың арасында Павлодар облысында тұратын танымал саясаткер, бұрынғы мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев деген азамат бар. Жасы 74 төртте. Оны митингіге шықтың деп қамаған», – дейді Балташ Тұрсынбаев.  

Рысбек Сәрсенбай бейбіт жиынға қатысқандар мен тонаушылардың ара-жігін ажыратып алу маңызды деп мәлімдеді. Оның пікірінше, қаза тапқан адамдардың (жазықсыз адам болсын, қақтығысқа қатысқан адам болсын, нысандарды қорғап тұрған сарбаздар болсын) қалай көз жұмғаны анықталып, әр іс нақтылануы тиіс. Комиссия өкілдері оқиғадан кейін тергеу барысында асыра сілтеушілікке жол бермеуге шақырады.

«Ескеретін мәселе, қақтығыстан кейін полициялардың арасында соққыға жығылған, қаза тапқандар  бар. Сондықтан кез келген адамды олар жау санап отыр. Қолға түскен адамдарға осы психикалық жағдай қысым көрсетуге түрткі болуы ықтимал», – деп қауіптенеді Рысбек Сәрсенбай.

Тәуелсіз комиссия ресми деректер бойынша қамауға алынған 10 мыңға жуық адамның  бәрі теріс әрекетке барды дегенге сенімсіздік білдірді. Айтуларынша, комиссияға бұрынғы тергеушілер мен із кесушілерді де қосылуы ықтимал.

«Комиссия құрамына тергеу тәртібін білетін запастағы полиция  қызметкерлерін тарту керек деп ойлаймын. Сондай-ақ криминалист мамандарды тартса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді журналист Ермұрат Бапи.

Сонымен қатар комиссия бірқатар шараларды атқаруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, бейбіт жиындар туралы, азаматтардың қауіпсіздігі туралы, күштік құрылымдардың әрекетін реттейтін заңдардың жасалуы мен қолданылуын таразыламақ.

Қақтығыстың себеп-салдарларын, арандатушылар мен лаңкестердің кімдер екенін анықтамақ. Күштік құрылымдардың бейбіт жиын кезіндегі және оқиғалардан кейінгі әрекеті мен әрекетсіздігін зерттеуге бел буып отыр.

Қазір оқып жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев Саида Мирзиёеваны қабылдады

.

Қытайдағы жарыста Назым Қызайбай мен Виктория Графеева топ жарды

.

Ақтөбедегі қайғылы оқиға: АГҚС иесі уақытша ұстау изоляторына қамалды

.

Үкімет жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін шекарадағы бақылауды күшейтеді

.