5 Ақпан 01:18
...

Қаңтар оқиғасына қатысты сотталған ҰҚК-нің департамент басшысы түрмеде аштық жариялады

Заң
Фото: ғаламтордан

Қаңтар оқиғасына қатысты іс бойынша 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған Ұлттық қауіпсіздік комитеті бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов түрмеде аштық жариялаған.

Алматы, NEGE. Адвокат Евгений Яворскийдің айтуынша, Руслан Ысқақов түрмеге түскеннен кейін аштық жариялаған.

«Мен қоғамға өте маңызды ақпарат жеткізгім келіп тұр. Қаңтар оқиғасына қатысты іс бойынша сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитеті бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Серікұлы Көкшетаудағы изоляторға түскеннен кейін аштық жариялады. 28 қаңтардан бастап осы күйде отыр. Адам бостан-босұа аштық жарияламайды, демек оған себеп бар. Құзырлы органдардан оның не үшін бұндай қадамға барғанын анықтауды сұраймын. Бұл өте маңызды», – деді Евгений Яворский.

Естеріңізге сала кетейік, Руслан Ысқақовты Арман Жұмагелдиевке (Дикий Арман) алаңда митинг ұйымдастыруға тапсырма берді деп айыптады. Сот оны қызмет бабын асыра пайдаланды және ұйымдасқан қылмыстық топ құру бойынша кінәлі деп тапты.

Сотта анықталғандай, Ысқақов 2016 жылы ҚР ҰҚК 5-ші департаменті бастығының орынбасары бола тұра, өзінің жеке басына ұлттық қауіпсіздік органдарынан қамқорлық көрсетуге уәде беріп, Жұмагелдиевті ынтымақтастыққа көндірген. Жұмагелдиев ҰҚК органдарының қолдауына ие болып, Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде қылмыстық ықпал ету аясын кеңейту мақсатында қылмыстық ұйым құра бастаған. Айта кетерлігі, Ысқақов басқарған ҰҚК бөлімшесі Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымымен бәсекелес болған бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топтың көзін жойған. Сонымен бірге Ысқақов Жұмагелдиев бастаған топтың заңсыз әрекетін тоқтату үшін ешқандай шара қолданбаған.

Сонымен қатар Руслан Ысқақов 2023 жылдың қыркүйегіндегі сот отырысында сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған Самат Әбіштің бұйрығын орындағанын айтқан болатын.