Қаңтар оқиғасына 4 жыл: Алаңда интернет бұғатталып, қауіпсіздік күшейтілген
2022 жылы болған Қаңтар оқиғасынан кейін арада төрт жыл өтті.
Алматы, NEGE. Бүгін Алматыда Республика алаңының айналасында полиция күшейтілген.

Алаңда бірен-саран адамның ғана қарасы көрінеді. Көпшілігі қауырт жұмыспен, асыға ары-бері өтіп жатыр.


Қаңтар құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының маңында да ешкім байқалмайды.

Айта кетерлігі, Республика алаңында интернет ұстамайды. Әл-Фараби көшесіне дейін интернет жоқ. Алаңнан шығып, Абай көшесінің бойымен автобуспен өттік. Интернет Абай-Сайын қиылысынан өткеннен кейін ғана қосылды.


2022 жылдың 2 қаңтарында сұйытылған газ бағасының көтерілуіне байланысты Жаңаөзен қаласында халық жаппай наразылыққа шыққан. Бұл наразылық 4-5 қаңтарда елдің өзге аймақтарында да қолдау тауып, Қазақстанның бірнеше қаласында тұрғындар көшеге шыға бастады. Халық елдегі қымбатшылық мәселесін көтеріп, әлеуметтік әділетсіздікке назар аударуды талап етті.
- Тақырыпқа орай: Қаңтар оқиғасы Һәм жыртық кебіс
Ресми дерекке сүйенсек, қаңтардағы қанды қырғыннан 238 адам қаза тапты, мыңға жуық азамат зардап шекті.