Қаңтар оқиғасы кезінде тараздық полицейлерден ұрланған қарудан досына оқ атқан ер адам ұсталды

Іс материалдарында көрсетілгендей, 2022 жылы қаңтардағы оқиға кезінде белгісіз ер адам Жамбыл облысы полиция департаментінің ғимаратындағы қару-жарақ тұрған орынға кіріп, АКС-47 автоматын (жиналмалы Калашников автоматы) және 7,62 мм калибрлі 200 дана патронды заңсыз ұрлап кеткен.
Алматы, NEGE. Ол уақытта қару-жарақ табылмаған, ұрлап кеткен адамның да кім екені белгісіз еді. Алайда, қазір Калашников автоматының барлық оқ-дәрілерімен бірге сол өңірдегі шаруашылықтардың бірінде ұзақ уақыт сақталғаны белгілі болды. Шаруашылықта құрылыс және жөндеу жұмыстары қызу жүріп, автомат қолдан-қолға өткен.
Өткен жылдың 19 мамырында шаруа қожалықтағы көмекші 1996 жылы туған Жетен Тұрғымбай есімді азамат чемоданға салынған автомат пен оқ-дәріні Тараз қаласындағы «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы №15 үйдегі пәтеріне алып келеді. Жетеннің қасында сыныптас досы да бірге еріп келеді. Ал пәтерде әпкесі болған. Сол күні сағат 13.00 шамасында Жетен досымен бір бөлмеде отырып, суық қаруды тексере бастайды. Ж.Тұрғымбайдың айтуынша, ол кездейсоқ шүріппені басып қалады. Автоматты режимде оқталып тұрған қарудан екі рет оқ атылады. Болған жағдайды түсінбей қалған Тұрғымбаев атуды тоқтатып, автоматын лақтырып жіберді. Ол қарсы алдында қансырап жатқан досын көреді. Оқ ер адамның басы мен мойнына тиген. Оның тірі қалуға мүмкіндігі де болмаған. Осы уақытта бөлмеге жүгіріп кірген әпкесі болған оқиғаны көріп, есінен танып қалады. Ж. Тұрғымбайдың өзі де есеңгіреп қалады. Сосын ұялы телефонын алып, полицияға хабарласады.
Оған қатысты қасақана кісі өлтіру және атыс қаруын заңсыз ұстау баптары бойынша (ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі; 287-бабының 4-бөлігі) қылмыстық іс қозғалды.
Сотта айыпталушы қарудың өлген жолдасына тиесілі екенін айтты. Оның тіпті шаруа қожалықта көміп қойған бірнеше мылтығы бар екенін де жеткізді. Ол өзінің досын өлтіру болмағанын алға тартты.
Алайда, марқұмның туыстары оның қару сақтауға немесе 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаға қатыстылығын үзілді-кесілді жоққа шығарды. Сот айыпталушының айғақтарына да сыни көзқараспен қарап, оны жауапкершіліктен құтылу үшін пайдаланып отыр деп есептеді.
Айта кетейік, ферма полицейлер мен қызметтік иттердің қатысуымен мұқият тексерілді. Ол жерден көмілген тағы бір Калашников - 5,45 мм калибрлі АКС-47У табылды, ол да полиция арсеналынан 2022 жылдың қаңтарында ұрланғандар тізімінде болды.
Нәтижесінде, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қуаныш Мұратов сотталушыны барлық бап бойынша кінәлі деп таныды. Ж. Тұрғымбай қару сақтағаны үшін 5 жыл, қасақана кісі өлтіргені үшін тоғыз жыл жазаға кесілді.
Баптардың жиынтығы бойынша ішінара толықтыру арқылы ол ақыры 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Ол жәбірленушіге 5 миллион теңге моральдық шығын, 308 390 теңге материалдық шығын және 200 мың адвокаттық қызмет ақысын төлейді. Сондай-ақ сотталған азамат 331 118 теңге процессуалдық шығынды және жәбірленушілердің өтемақы қорына 110 760 теңге міндетті төлемді төлеуі тиіс.
Қару-жарақ пен оқ-дәрілерге қатысты шешімді арнайы комиссия шығарады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.