Қант нарығы әлі де импортқа тәуелді: отандық өндірістің үлесі тек 29%-ға тең
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қант нарығына талдау жүргізіп, саланың әлі де импортқа тәуелді екенін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтағы импорттық қанттың үлесі 70,4%-ға жетсе, отандық өндіріс ішкі тұтынудың тек 29,6%-ын қамтамасыз ететіні анықталған.
«Бұл ішкі өндірісті дамыту үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Қазақстанның қант саласы бұрынғысынша импортқа тәуелді екенін көрсетеді. Ішкі сұраныстың негізгі бөлігі импорттық шикі қамыс қантын өңдеу және дайын импорттық қант жеткізу арқылы қамтамасыз етіледі. 2022–2026 жылдарға арналған Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың және Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының бірқатар нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізілген жоқ», – делінген Агенттік хабарламасында.
Атап айтқанда, қант қызылшасының егіс алқаптары, жалпы түсім, қант өндіру көлемі және ішкі нарықтың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі бойынша көрсеткіштер төмен болып отыр.
2024 жылы қант қызылшасынан рекордтық өнім алынғанына қарамастан, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттарын толық көлемде пайдалануға мүмкіндік болмаған.
«Себебі қолданыстағы өндірістік қуаттардың құрылымы айтарлықтай дәрежеде импорттық қамыс шикі қантына бағдарланған. Бұл шикізат базасы мен қайта өңдеу қуаттарын дамыту арасындағы теңгерімсіздіктің сақталып отырғанын көрсетеді», – деп атап өтті ведомство өкілдері.
БҚДА мамандары сауда және интеграция министрлігі тауар биржалары туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді қажет деп есептейді. Талдау барысында жекелеген отандық өндірушілерде өндіріс көлемінің ұлғаюы тауар биржалары арқылы өткізу көлемінің тиісті өсуімен қатар жүрмегені анықталған. Сондай-ақ агенттіктегілер отандық және импорттық қанттың айналымы үшін бірыңғай жағдай жасалмағанын атап өтеді. Бұдан бөлек, импортталған қанттың кейіннен үшінші елдерге әкету жағдайлары тіркелген.
Талдау қорытындысы бойынша агенттік қантты көтерме саудада өткізетін субъектілерге монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша 9 хабарлама жолдады. Сондай-ақ БҚДА мүдделі мемлекеттік органдарға мынадай ұсынымдар берді:
- отандық шикізат базасы мен қайта өңдеу қуаттарын дамыту;
- қант зауыттары мен қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауды енгізу;
- биржалық саудаға бақылауды күшейту;
- қанттың реэкспортын бақылау;
- сондай-ақ ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін төмендету.
Бұл ұсынымдар қант нарығындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасына енгізілуі қажет.