31 Қаңтар 12:56
...

«Қаныш» көркем фильмі кинотеатрларда көрсетіледі

Фото:

30 қаңтарда «Қаныш» фильмінің тұсаукесері өтті. Фильм қазақ халқының өміріндегі үлкен қасірет – ашаршылық, жұт, қуғын-сүргін жылдарындағы жас Қаныш Сәтбаевтың жүріп өткен жолын баяндайды.

Алматы, NEGE. 2 ақпанда қазақтың белгілі ғалымы әрі біртуар геологы Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын баяндайтын «Қаныш» телехикаясының толықметражды нұсқасы кинотеатрға шығады.

Фильмнің желісіне 1926-1934 жылдарда елсіз Қарсақпай жерінде Қаныш Сәтбаевтың ерекше күш-жігерімен әлемдегі ең бай тау-кен инфрақұрылымының қалай ашылғандығы туралы тарихи оқиғалар арқау болған.

Авторлары Қаныш Сәтбаевтың тек мықты геолог қана емес, сонымен қатар, ондаған баланы аштықтан аман алып қалған ерекше тұлға екенін көрсете білген. Фильмде ХХ ғасырдың басында орын алған ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қиын кезеңнің өзінде халық рухының сынбағанын көрсеткен.

Туындыда сол уақыттың сирек деректі кинохроникасы қолданылып, ал нақты тарихи тұлғалар кейіпкерлердің прототипіне айналған.

Кинофильм «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша, 2021 жылы «Aray Media Group» студиясы түсірген алты сериялы «Қаныш. Қазына» телехикасының негізінде жасалған. Телехикаяның шығармашылық тобы Қаныш Сәтбаевтың қызыққа толы өмірбаянымен танысып, қолда бар материалдан толықметражды көркем фильм жасауға бел буған.

Онда ғалым тек кәсіби маман ғана емес, халқының қамын ойлайтын терең де сезімтал тұлға ретінде көрсетіледі.

«Біз осы фильм арқылы халқымыздың тарихындағы ерекше тұлғалардың жолын көрсетуге тырыстық. Соларға қарап, өскелең ұрпақ бой түзер деген үмітіміз де бар. Қаныш Сәтбаев 27 жасында білімі мен табандылығының арқасында сол кездегі ең ірі мыс кен орындарын ашып, кейін Қазақстанда металлогения мектебінің негізін қалады. Материалға үңіліп, ғалымның өмір тарихымен, кәсіби қызметімен танысып, ол кісінің ерік-жігеріне таңғалдым. Отбасындағы қайғылы оқиғаларға қарамастан, халқына қызмет етіп, тер төкті, ғылыммен айналысты. Менің мақсатым – халқымыздың тарихында қайратты тұлғалардың болғанын көрсету. Сондай-ақ, жастарымыз солардан үлгі-өнеге алып, отбасы, халық пен ел игілігі үшін еңбек етсе екен деймін» – деді фильм және сериал режиссеры Ерлан Нұрмұхамбет.

Алматы қаласында өткен фильмнің жабық көрсетіліміне фильмді жасаушылар, шығармашылық топ, ғалымның туған-туысы, қоғам қайраткерлері, журналистер, блогерлер, демеушілер, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

 «Фильмді дайындауға қатысқан барша жанға мың алғысымызды білдіреміз. Түсірілім тобының еңбегі зор. Қаныш Имантайұлының рухына ұқыптылықпен қарап, оның образын тереңірек түсінуге тырысқан. Атамыздың өмірі мен шығармашылығының алғашқы кезеңін бейнелеген фильмді шынайы деректерге барынша жақындатпақ болған ниеттері үшін алғыс айтамыз. Бұл фильм халқына еліміздегі жер қойнауының байлығын ашқан ұлы қазақ баласы туралы тағы бір естелік болып қаларына сенімдіміз» - деді, Қаныш Сәтбаевтың немерелері Әлима Жармағамбетова және Александр Третьяков.

Қазақстан ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан біртуар ғалым жарты ғасырдан астам уақыт бұрын 1964 жылғы 31 қаңтарда өмірден өтті. Бүгінде қалаларға, көшелерге, университетке оның есімі беріліп, 2021 жылы ел президентінің тапсырмасымен елордада Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.

«Қаныш» фильмі бірнеше халықаралық марапатқа ие болып, шетелде де танымалдыққа қол жеткізді. Атап айтсақ, 2022 жылғы желтоқсан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен «Literature in Cinema» халықаралық кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесін алса, биылғы қаңтарда Үндістанда өткен «Athvikvaruni International Film Festival» халықаралық кинофестивалінде үш номинация («Best asian feature film», «Best concept», «Best environment/nature feature film») бойынша үздік атанды.

«Қаныш аға туралы бұл фильм баяғыда жарыққа шығуы керек еді. Амал не, ештен кеш жақсы дегендей,  жуырда жасалып, көптен күткен көрерменнің көзайымына айналып отыр. Фильмнің бағасын көрермен айтар... Мен өзім осы туындының дүниеге келгеніне қуаныштымын! Шамам келгенше көмектестім. Көрерменге ой салар, ғұмыры ұзақ туынды болсын! Қаныш ағаның тағдыры, өмір жолы, атқарған еңбегі, барлығы – халқымыз үшін әрқашанда өнеге!» - деп айтты «Қазақтың Қанышы» кітабының авторы, қаламгер Медеу Сарсеке.

Рөлдерді Әсет Есжан, Анна Оразбаева, Айдос Әуесбаев, Максим Горбанев сомдады. Сценарий авторлары – Әмір Әменов, Ерлан Нұрмұхамбет, Ален Рахметалиев. Продюсерлері – Айгүл Байбек, Әсел Ержанова.

Біртуар ғалым, геолог, өз елінің патриоты Қаныш Сәтбаевтың тарихтағы алар орны ерекше. Алайда, оның халық мұңы мен жеке басының қасіреті тоғысқан, биліктің күмәні мен сенімсіздігіне қарсы күрескен жолын бірі білсе, бірі білмейді. Бірақ сын сағатта мықты адам дүниеге келетіні хақ.

Тегтер: