Құрылтай — 23 тамыз
USD
USD
USD

Канье концертіне бара алмағандар билет құнын қайтара ала ма: Министрлік не дейді

Алматыда 14 тамызға жоспарланған Канье Уэстің концерті бір күнге шегеріліп, 15 тамызда өтті. Екінші күн концертке қатыса алмаған көрермендер билет ақшасын қайтаруды талап етіп жатыр. 

концерт билеті
Фото: Depositphotos

Астана, NEGE. Редакция тілшісінің сауалына жауап берген Сауда және интеграция министрлігі мұндай жағдайда тұтынушылардың қандай құқықтары барын түсіндірді.

First Media Group Freedom Holding-пен серіктестікте YE (Kanye West) концертін YE TOUR 2026 аясында 14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өткізуді жоспарлаған. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты концерт бір күнге шегеріліп, 15 тамызда өтті.

Күннің ауысуы кейбір көрерменнің жоспарына сәйкес келмеген. Әсіресе Алматыға басқа қалалардан және шетелден арнайы келгендер арасында 15 тамызда концертке қатыса алмағандар бар. Енді олар пайдаланылмаған билеттердің ақшасын қайтаруды талап етіп жатыр.

Билеттерді сатқан Ticketon компаниясына тілшіміз сауал жолдады. Компанияның хабарлауынша, билет құнын қайтару мәселесі ұйымдастырушылардың шешіміне байланысты. Қазір Ticketon олардан жауап күтіп отыр.

Ал Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті редакция сауалына берген жауабында әзірге осы концерт бойынша билет ақшасын қайтаруға қатысты ресми өтініш түспегенін хабарлады.

«Қазіргі уақыттағы жағдай бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне аталған концертке билеттердің ақшасын қайтару мәселесі бойынша азаматтардан өтініштер түскен жоқ», – делінген комитет жауабында.

Концерт күні өзгерсе, билет ақшасы қайтарыла ма?

Комитеттің түсіндіруінше, іс-шараның күнін ұйымдастырушы өзгертсе, тұтынушы билет құнын толық қайтаруды талап етуге құқылы. Өйткені көрермен қызметті нақты бір күн мен уақытқа сатып алған.

«Билетті жаңа күнге жарамды деп тану ақшаны қайтарудан бас тартуға негіз болмайды. Тұтынушы қызметті нақты бір күнге және уақытқа сатып алды. Егер жаңа күн тұтынушыға қолайсыз болса, ұйымдастырушы комиссияларды немесе айыппұлдарды ұстамай, төленген соманы толық көлемде қайтаруға міндетті», – деп түсіндірді комитет.

Ведомство бұл ретте «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 8-1-бабына және Азаматтық кодекстің 683-бабына сілтеме жасады. Комитеттің түсіндіруінше, іс-шара күнінің ұйымдастырушы тарапынан өзгертілуі шарт талаптарын біржақты өзгерту болып саналады.

Ауа райы форс-мажор ма?

Ұйымдастырушылар концерттің бір күнге шегерілуін ауа райының қолайсыздығымен түсіндірген. Алайда Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті қолайсыз ауа райы автоматты түрде форс-мажор болып саналмайтынын атап өтті.

«ҚР Азаматтық кодексінің 359-бабының 2-тармағына сәйкес, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде міндеттемені орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған тұлға, егер тиісті түрде орындау еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайларда төтенше және алдын алу мүмкін емес мән-жайлардың салдарынан мүмкін болмағанын дәлелдей алмаса, мүліктік жауаптылықта болады», – делінген комитеттің жауабында.

Мұндай мән-жайларға табиғи құбылыстар, әскери әрекеттер, төтенше жағдайлар және басқа да еңсерілмейтін жағдайлар жатуы мүмкін. Яғни ауа райының қолайсыздығына сілтеме жасаудың өзі ұйымдастырушыны тұтынушылар алдындағы міндеттемелерден автоматты түрде босатпайды.

Жол мен қонақүй шығынын да өтеуді талап етуге бола ма?

Концертке басқа қалалардан немесе шетелден арнайы келген көрермендер үшін билеттен бөлек жол жүруге, қонақүйге және басқа қызметтерге кеткен шығын мәселесі де туындап отыр. Комитет мұндай шығындарды да өтеуді талап етуге болатынын мәлімдеді.

«ҚР Азаматтық кодексінің 9 және 350-баптарына сәйкес, міндеттемелерді орындамаудан немесе тиісті түрде орындамаудан келтірілген нақты залал – жол жүруге, қонақүйлерде тұруға кеткен шығындар және тағы басқасы – орындаушы тарапынан толық көлемде өтелуге тиіс», – деп жауап берді комитет.

Ол үшін тұтынушы алдымен ұйымдастырушыға билет құнын қайтару және қосымша шығындарды өтеу туралы жазбаша талап жолдауы керек. Оған чектер, қонақүй броні, әуе немесе теміржол билеттері секілді шығынды растайтын құжаттар тіркеледі.

Егер ұйымдастырушы талаптан бас тартса немесе 10 күнтізбелік күн ішінде жауап бермесе, көрермен аумақтық Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Ал мәселе сотқа дейінгі тәртіппен шешілмесе, шығынды өндіріп алу үшін сотқа талап арыз беруге құқылы.

Осылайша, 14 тамызға сатып алынған билеттің 15 тамыздағы концертке жарамды болуы ақшаны қайтарудан бас тартуға негіз емес. Егер концерт күнінің ауысуына байланысты көрермен іс-шараға қатыса алмаса, ол билет құнын толық қайтаруды талап ете алады. Қосымша шығындарды өтеу мәселесінде олардың концертке байланысты жұмсалғанын растайтын құжаттар қажет. 

Қазір оқып жатыр

Барлау минуста. Құлыбаевтар мемлекетке 2 млрд теңге айыппұлды НЕГЕ төлемей жүр?

Кулибаев

Мектепте оқушылар смартфондарын қайда қалдырады?

Телефон

Каспийдегі мұнай-газ компаниялары терроризмге қарсы күштерді орналастыру үшін орын бөлуге міндеттелмек

Каспий

Атырау облысында 190 мың тұтынушы «ақылды» есептегіштерге көшіріледі

Атырау облысы