Қанды қаңтар және транзит иірімдері

Елімізде билік транзиті үшінші жылға созылды. Қанды қаңтар оқиғасы оның соңғы нүктесі болды. Қоғам үшін оның құны тым қымбатқа түсті. Жүздеген адам өліп, мыңдаған адам жапа шекті. Транзит иірімдерінің хронологиясы осыны нақты көрсетіп берді.
Назарбаев дәуірі осымен тәмам ба? Бүгінгі күннің басты сұрағы – осы.
Тоқаевтың таққа отыруы
2019 жыл 19 наурыз. 30 жылға жуық ел тізгінін уысынан шығармай келген Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін ресми түрде жария етті. Оны бүкіл қазақстандық телеарналар көрсетті.
Конституция бойынша, президенттің өкілеттілігі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті.
Бірақ Назарбаев, «Елбасы» мәртебесін айтпағанда, Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы сақталып, билік партиясы Nur Otan-ның және Қазақстан халқы ассамблесының төрағасы болып қала берді.
2019 жыл 23 наурыз. Қазақстан президентінің міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.
2019 жыл 10 маусым. Астана уақытымен сағат 22.00-де Орталық сайлау комиссиясы 9 маусым күні өткен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындысын жария етті.
«Қ.Тоқаевтың кандидатурасы үшін сайлаушылардың 6 млн 539 мың 715 дауысы берілді немесе дауыс берген сайлаушылардың 70,96 пайызы жақтады», – деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен.
Дегенмен, сайлау қорытындысы жария болған соң наразы топ Алматы қаласында наразылық акциясын өткізді.
Пандемия және қос билік
2020 жыл 13 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында індетті жұқтырған адамдар анықталды. 3 сәуірге дейін COVID-19 елдің барлық аймағына таралып үлгерді...
Дерек пен дәйек: Тоқаев саяси-экономикалық реформалар туралы бастама көтерді. Бірқатар заңдарға түзетулер енгізілді. Азаматтық қоғам өзгерістерді «косметикалық түзетулер» деп қабылдады.
Пандемия өршіген тұста Президент Тоқаев Асқар Мамин үкіметіне көңілі толмайтынын айтып, бірнеше мәрте қатаң ескерту жасаған. Тіпті, отставкаға кетіру туралы да айтты. Десе де, Назарбаев қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы мен билік партиясы Nur Otan-ның және Қазақстан халқы ассамблесының төрағасы ретінде Асқар Маминнің кандидатурасын қолдап, ол орнында қалды.
Билік ресми түрде «қос билік» орнағанын мойындамағанымен, сарапшылар шенеуніктердің Ақорда мен Кітапханаға кезек-кезек қарайлайтынын айтып жүрді. Маңызды шешімдер қабылданарда Ақордаға қарағанда Кітапхананың рөлі басым екені байқалатын. Десе де, Ақорда мен Кітапхана арасында кикілжіңдер су бетіне қалқып шыққан емес.
2021 жыл 28 сәуір. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы өкілеттігін Тоқаевқа тапсырды.
Санкт-Петербор жұмбағы
2021 жыл 28 желтоқсан. Қазақстанның қос басшысы Тоқаев пен Назарбаев соңғы рет Санкт-Петерборда бірге төбе көрсетті. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен ТМД-ға мүше мемлекеттер көшбасшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Кейбір деректерге қарағанда, Ресейдің мәдени астанасына еліміздің қос басшысы екі бөлек ұшақпен барған.
Кездесу барысында қандай өзекті мәселелер талқыланғаны беймәлім. Ресми деректерге сүйенсек, әңгіме «коронавирусқа қарсы күрес» туралы болған. Саммит кезінде түсірілген бейнежазбада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатулы, ал Тоқаевтың көңіл күйі көтеріңкі екені көрінеді.
Қанды қаңтар
2022 жыл 1 қаңтар. Жаңаөзен қаласының әкімдігі алдында сағат 17:20-да бір топ адам жиналып, газ бағасын төмен түсіруді талап етіп, ел басшылығына бейне үндеу жолдады.
2022 жыл 2 қаңтар. Наразылық шеруіне қатысушылардың қарасы көбейіп, Жаңаөзеннің бірқатар көшелерін жапты. Құқық қорғау органдары күш қолданбады.
2022 жыл 3 қаңтар. Наразылық акциялары өзге өңірлер мен қалаларға тарала бастады. Атап айтқанда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Батыс Қазақстан, Алматы облысы және Шығыс Қазақстан облыстарын шарпыды.
2022 жыл 4 қаңтар. Он бір өңірде толқу болғаны анықталды. Кейбір деректерге қарағанда, шерулерге қатысқан адамдардың саны 37 мың адамнан асқан. Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз, Қызылорда қалаларында әкімдікке шабуыл жасалып, дүкендер тонала бастады.
2022 жыл 5 қаңтар. Елдің он бір өңірінде дүрбелең жүріп жатты. Митингке шыққандардың саны 50 мыңнан асып жығылды.
2022 жыл 6 қаңтар. Телеарналар Тоқаевты Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы деп көрсетті. Президент «терроризмге қарсы операция» жүргізілетінін, ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Күштік құрылымдар қару қолдана бастады. ҰҚШҰ ұжымдық күштері құрамын Қазақстанға жіберу туралы шешім қабылданды.
2022 жыл 7 қаңтар. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстанда бейбіт митингтер болып жатты.
2022 жыл 8 қаңтар. Жағдай тұрақталып, митингтер тоқтады. ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыппен тергеу изоляторына қамалды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев елден кетіп қалды деген сөз көбейген тұста оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда екенін жазды.
Дерек пен дәйек: Осы уақыт аралығында биліктің шерушілерге қатысты көзқарасы күн сайын өзгерді. Тоқаев билікке қарсы шыққандарды 3 қаңтарда - «демонстранттар», 4 қаңтарда – «заговорщиктер», 5 қаңтарда - «террористер», 7 қаңтарда «содырлар» деп атады. Бірақ бұл күндері Елбасы мәртебесіне ие Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ арқылы ешқандай үндеу жасамады. «Елбасы мен оның отбасы мүшелері шетелге қашты» деген сыбыс тарады. Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 10 000-ға жуық адам ұсталып, 225 адам қаза болды.
Назарбаевтың күйреуі
2022 жыл 18 қаңтар. Ұзақ үнсіздіктен кейін Нұрсұлтан Назарбаев үндеу жасап, 2019 жылы биліктен кеткенін, қазір қарапайым зейнеткерлердің бірі екенін мәлімдеді.
2022 жыл 27 қаңтар. Сенат заңдарға түзету енгізіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар өкілеттілігінен айырды. Оның ішінде Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы мен Қазақстан халқы ассамблесының төрағасы қызметі де бар. Ресми БАҚ-тар Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы» сөзінің орнына «тұңғыш президент» сөзі қолданыла бастады.
2022 жыл 28 қаңтар. Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезіне қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Nur Otan» партиясының Төрағасы қызметін өткеріп берді.
Дерек пен дәйек: Осы уақыт ішінде Тоқаев та, Назарбаев та ел элитасының ішінде қандай да бір сызат түскенін жоққа шығарды. Десе де, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын тұлғалар мемлекеттік қызметтерден, билік партиясынан бірінен соң бірі кете бастады.
Үшінші жылға созылған транзит осылай аяқталды. Әзірше осы...