Қанды қаңтар: Мәсімов «еркек тоқты» ма?

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісі ұзақ қаралып, ақыры сотқа жетті. Тағылып отырған айыптар өте ауыр: «Мемлекетке опасыздық жасау», «билікті күшпен басып алуға ұмтылу», тағысын-тағылар.
Қоғамда қаңтардағы қантөгіске Мәсімовтің қатысы бар екеніне еш дау жоқ. Бірақ «басты ұйымдастырушыға» қатысты сауал аз емес. Өйткені, Мәсімовтің тұлғасы бұл үдеден шықпай тұр. Тіпті, халықаралық ұйымдар бұл жөнінде билікке сыни пікір айтып үлгерді. Сарапшылардың пікірінше, бұл істі сот құпия қарауы ықтимал. Сондықтан қаңтар қырғынының сыры тағы да қоғам үшін жұмбақ күйінде қала бермек.
238 адам қаза тауып, 10 мыңнан аса адам түрмеге тоғытылған дүрбелеңнен бері он бір ай өтті. Ыстық-суығы басылып, оқиғаның себеп-салдарына байыпты көзбен қарауға мүмкіндік беретін уақыт.
Қазақстандық сарапшылар Қаңтар оқиғасы, Мәсімовтің соты және Назарбаевтар әулеті жөнінде NEGE-ге көзқарастарын білдірді.
Тоғжан Қожалы, саясаткер:
Назарбаев әулетіне қатысты іс қозғалса, елде азаматтық соғыс басталуы да мүмкін
– Мәсімов ешқашан дербес ойыншы болған емес. Ол – Назарбаевтың орындаушысы. Оны қанды қаңтар оқиғасының «басты ұйымдастырушысы» деп тану – қателік. Оның артында кім тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Ол – Назарбаев және оның отбасы. Қос Қайратты жемқорлық, ұрлық үшін соттау дұрыс емес. Меніңше, олар да – Қаңтар оқиғасының ұйымдастырушылары.
Бұған Дариға Назарбаеваның да қатысы бар деп ойлаймын. Бұл – тек қана менің ғана емес, көп адамның пікірі. Назарбаевтың көзі кеткен соң біз бүкіл шындықты білетін шығармыз.
Оны бұрынғы президенттер туралы заң қорғап тұруы мүмкін. Бұдан бөлек, арада бір келісім бар шығар. Егер бұл отбасыға айып тағылатын болса, қаржы-экономикалық жағынан елде қиындықтар туындауы ықтимал. Өйткені, қазір еліміздің жағдайы нашарлап кетті. Бүкіл экономикамыздың отбасыға тиесілі болғаны ешкімге құпия емес.
Олардың үстінен іс қозғалса, елде азаматтық соғыс басталуы да мүмкін. Қаражаты өте көп. Жалдамалыларға ақша төлеп, астан-кестең ету сөз емес. Сондықтан оларға тиіспей отыр. Әйтпесе, Қаңтар оқиғасы кішігірім оқиға болып қалуы ғажап емес. Ақорда ел тыныштығын ойлап, отбасын жауапқа тартпай отырған болуы ықтимал.
Андрей Чеботарев, саясаттанушы:
Мәсімов бірде-бір мәрте Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған емес
– Мәсімовтің ісі құпия қаралып жатқандықтан, сот та жабық түрде өтетін секілді. Әрине, қоғамда түрлі күдік туындайтыны анық.
Десе де, Мәсімов – қарапайым адам емес. Ол – Тимур Құлыбаев командасының өкілі. Дербес тұлға деңгейіне дейін өсті. Нұрсұлтан Назарбаев кезінде бизнесте ірі активтері, саясатта үлкен ықпалы болды. Тіпті, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы болған кезде, Мәсімов оның қабылдауына бірде-бір мәрте келген емес. Демек, ол тек бір адамға – Қауіпсіздік кеңесін басқарған Назарбаевқа ғана бағынды.
Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды. Әрине, ол – негізгі ұйымдастырушы емес. Бірақ, ол ұйымдастырушылардың бірі болды. Әзірге жазаға тартылмаған тұлғалармен бірге. Мәселен, оның бірінші орынбасары Самат Әбіш туралы сөз етуге болады. Немесе Мәсімов өте жақсы орындаушы болды. Олай болса, «Оған кім тапсырма берді?» деген сұраққа жауап іздеу керек.
Алматы қаласы мен басқа да өңірлерде құқық қорғау қызметкерлеріне департаменттер ғимаратын тастап шығуға бұйрық берген – Мәсімовтің өзі. ҰҚК агентурасының құрамына кіретін содырларды қамтамасыз еткені рас. Бұлар бұрынғы президенттің немере інісіне бағынған. Бұған Мәсімовтің қатысы барлығы анық.
Десе де, толық ақпарат жоқ болғандықтан тек қана долбар жасауға тура келеді. Сондықтан құпия мәселеге қатысты тұсын жабық өткізсе де, сот процесінің бір бөлігі ашық болғаны жөн еді. Сонда «бұл адам кінәлі ме, жоқ па?» деп, бәрі мәселенің мән-жайына қанығар еді.
Ермұрат Бапи, журналист:
Мәсімовті жазықты ету арқылы отбасы мүшелерін құтқарып қалмақ
– Бұл соттың алдына Кәрім Мәсімовті қаңды қаңтар оқиғасына толық жауапты етіп шығару мақсаты қойылған деп ойлаймын. Осы қаңтөгістің бар пәлесін жабатын бір тұлға керек болып тұр. Өз басым «президенттік сайлауға дейін бір қорытындысы шыға ма» деп ойлап едім. Істің сотқа енді өткеніне қарағанда, әлі біраз уақытқа созылатын сияқты.
Мәсімовті жазықты ету – қаңтар оқиғасының трагедиясынан «нөмірі бірінші отбасын» құтқарып қалу амалы ма екен деп ойлаймын. Бұл жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі, бұйрық, ишара берген немере інісі Самат Әбіш немесе басқа да осы әулеттің адамдары тұруы мүмкін.
Ондағы мақсаты – елдегі билікті қайтадан басып алу. «Президент Тоқаевтың елдегі саяси-экономикалық жағдайды реттеуге, Назарбаевтан қалған тұрақтылықты сақтауға мүмкіндігі болмады» деген желеу артынан айтылуы ықтимал еді.
«Мәсімов Президент Тоқаевтың кабинетіне келіп: «Тікұшақ дайын тұр, шетелге ұшып кетуіңізге болады» деп айтты», – деген қауесет тарады. Бұл нақты болған жайт па, жоқ па, анығы белгісіз. Бірақ, қалай болғанда да, ол сайланып қойған президентті елден кетіріп, мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, Назарбаев әулетінің адамын билік басына әкелу амалын жасауы мүмкін.
Десе де, Мәсімовтің өз бетімен Тоқаевқа «елден кетіңіз» деуі мүмкін емес. Өйткені, ол табиғатынан біреуге бағынышты адам. Ешқашан өз бетімен шешім қабылдап, өз бетімен жүріп көрмеген тұлға.
Оның үстіне, өзге ұлттың өкілі ретінде бұл мәселеде тартыншақтап жүретінін біз жақсы білетінбіз. Жасырын, астыртын мәселелер болмаса, ашық түрде әрекеттерге барып, саяси жағдайды реттеудің, саяси шиеленістерді қалпына келтірудің бастамашысы болып көрген жоқ. Әлбетте, «тікұшағын дайын» деп келгені рас болса, онда ол тек қана Назарбаевтың тапсырмасымен келеді.
Президент Тоқаев қантөгістің сипаты туралы біршама айтты. Бірақ сөзі жартыкеш шығып жатты. Ойын толық жеткізген жоқ. Бір саусағын бүгіп қалды. Оның тартыншақтайтын бір ғана себебі бар. Бірінші президентке және оның отбасына қатысты әңгімені жасырып тұрған секілді. Сондықтан Мәсімов – орысша айтқанда «козёл отпущения». Қаңтар қырғынының құрбаны ретінде сотталады. Ол жалғыз сотталып, нағыз ұйымдастырушылар сыртта қалатын болса бұл, әрине, әділетсіздік болады.
Сот жабық өтсе де, президент өз пәрменімен ақиқатты мейлінше ашуға, өзінен кейін тарихта ақтаңдақ қалдырмауға тырысқаны жөн. Ескертусіз оқ атуға берілген бұйрық бәрібір Тоқаевтың алдынан шыға береді. Осы сәтті пайдаланып, Қаңтар қырғынына байланысты ақиқаттың егжей-тегжейін жария етуі тиіс. Өзі болмаса да, сот арқылы жария етуге ұмтылуы керек деп ойлаймын.
Мәсімов – қантөгісті жасаушы, ұйымдастырушы адам емес. Мұны мен Мәсімовты жақсы көріп тұрғаннан айтып отырғаным жоқ, ақиқатқа жүгіну қажет. Әділет керек. Барлық кінәні, қантөгісті Мәсімовтің мойнына артып жіберуге болмайды. Күні ертең бәрібір ақиқат ашылады.
Тоқаев өзін ақтап алуға тырысуы керек. Жалған деректермен емес, жалған соттаулармен емес, нақты жағдайды ашып айтуы тиіс. Тоқаев – мәдениеті жоғары, ішкі дүниесі кең, таза азамат. Қаңтар қырғынының қанды дағы бет-бейнесінде қалмауы керек деп білемін. Мұны Тоқаевқа жаным ашығаннан емес, әділет үшін айтып отырмын. Тоқаев бір саусағын бүгіп қалмай, ескертусіз оқ атуға мәжбүр болғанын ашық айтатын болса, онда халық та иланатын еді. Алдағы сайлауда құзырының пәрмені күшті болар еді. Оқ ату мәселесі тағы да ашылмаса, Тоқаевтың азаматтық, тарихи тұлғасында қара дақ мәңгі сақталып қалады.