17 Маусым 16:59
...

Қанат Сұлтанбеков Дариғаның қылмысын фильммен әшкерелемек

Фото:

Бұған дейін Астана ЛРТ ісі бойынша айыпталған, қазір Нью-Йоркте тұратын Қанат Сұлтанбеков Nege.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берген болатын. Ол  сұхбатында саясаткер Иманғали Тасмағамбетовке және ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты біраз жайтты баяндаған.

Бүгін Қанат Сұлтанбеков Фейсбуктегі парақшасында осы іске басқа фигуранттың қатысы бар екенін жариялады.

«Жуырда бір дерек көзі «Астана Банкі» АҚ-ның артында Дариға Назарбаеваның мүддесі тұрғанын хабарлаған еді. Бұдан соң тұңғыш президенттің LRT ақшасымен бірге «Астана Банкі» АҚ 257,6 млн долларды құрдымға батырғаны жөніндегі сөйлеген сөзін қайта тыңдап, бұл банкпен Дариға Назарбаеваның байланысы барын анық түсіндім.

2018 жылы 18 сәуірде Президент Назарбаев күтпеген жерден бүкіл елге үш банктің, соның ішінде «Астана Банкі» АҚ акционерлерінің нашар жұмыс істеуі салдарынан қарызға батып, салымшыларға өз қаражаттарымен жауап бере алмауы төмен көрсеткіштерге алып келді деп мәлімдеді», – деп жазды Қ.Сұлтанбеков.

«Олар қалай жұмыс істей алады? Шын мәнінде, барлығын мемлекет өзі мойнына алу керек. Егер осы банкті сақтап қалғысы келсе, акционерлер жымқырған қаржысын қайта құйсын. Кезінде квазимемлекеттік сектордан да, халықтан да ақша салынған банктерді тығырықтан шығарып алды. Сол сияқты қайтарсын да, жұмыс істесін. Тағы да айта кететінім, Парламент депутаттарын сөйлету арқылы Ұлттық банкке қысым көрсетуді тоқтатыңыз. Жалпы, бұл не? Мен мүлдем түсінбеймін. Соңғы кездері президентке тікелей бағынатын Ұлттық банктің әрбір төрағасының өз заңы бар және әр министр, депутат бозкілемге шақыра бастады».

Коллаж: Nege

Экс-президенттің сөзінен әлдекімнің «Астана Банкі» АҚ-нан квазимемлекеттік сектордың ақшасын, яғни «Астана LRT» ЖШС-ға бөлінген қаржыны жымқырғанын айна-қатесіз түсінуге болады.  

Содан кейін Парламенттің бір депутаты Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевты «белдесуге» шақырып, мемлекет «Астана Банкі» АҚ-на  өтіп кеткен уақытпен көмек беруді талап етті. Біртүрлі сәйкестік.

Дәл сол кезде Дариға Назарбаева Ұлттық банк төрағасын ұрыннан шақырып, коммерциялық банкке ақша бөлуді талап ете алатын жалғыз депутат еді.

Аудиторлық есептен шығатыны, экс-президент сөз сөйлегеннен кейін келесі күні, яғни 2018 жылдың 19 сәуірінде «Астана LRT» ЖШС «Астана Банкі» АҚ-на қытайлық мердігерге LRT тіректерін салғаны үшін төлем жасауға 86 044 400 АҚШ доллары сомасындағы қаражатты аударуға №823 өтінім жолдады.

Алайда, «Астана Банкі» АҚ күтпеген дефолтқа байланысты аударымды орындамады. Демек, экс-президент сөз сөйлегенге дейін әлдекім «Астана Банкі» АҚ-нан LRT-ға бөлінген 257,6 миллион доллардың жоқ қылғанын оңай-ақ түсінуге болады. Бұдан түйетін ой мынау: «Астана Банкі» АҚ президенттің сөзінен кейін емес, оған дейін, яғни 257,6 миллион долларды қитұрқы жолмен жымқырғаннан кейін құлдырады деген сөз.  

Фото: ғаламтордан

Бұл – RBK мен Tengribank-пен салыстырғанда, басшылығы мен акционерлері ешқашан қудаланбаған және тергелмеген батпаққа батқан жалғыз банк. Тағы бір кездейсоқтық осы.

Бірақ сол Парламент депутатын да ешкім жазалаған жоқ. Мүмкін, ол депутат экс-президенттің қызы болғандықтан ба, әлде бұл да кездейсоқтық па?», – деген жазбасында Қанат Сұлтанбеков.

Nege тілшісі бұл мәселеге қатысты Қанат Сұлтанбековке хабарласып, жазбадағы пікірін толықтыруын сұраған.

«Ұят пен ар-ождан жоқ, ақшаны ұрлап алып, оны жазықсыз адамдарға іліп қоюды ұйғарды. Карма қайтарып жатыр ендi. Бұған Дариға Назарбаеваның қатысы болған соң, жымқырылған ақшаны басқаға жауып жіберді. Мұны экс-президенттің қызы баласы Нұрәлімен бірге жасады. LRT құрылысы басталғанда ол әкімнің орынбасары болды», – деп жауап берді ол.

Сондай-ақ, Қанат Сұлтанбеков: «Үкімет пен кейбір басшылар үшін бұл өте жағымсыз тақырып. Мәселен, банкке 257 миллион долларды қайтармау үшін Смайыловтар «Астана банкінің» қарыздарын проблемалық несиелер қорына аударған. Сондай-ақ, Жақсыбековтің командасы оларға қатысты тергеуді тоқтатуға бар күш-жігерін салып жатыр. Енді сіз олардың қандай үлкен алаяқтық жасап, қанша ақша ұрлап кеткенін және қандай зиян келтіргенін түсінесіз.

Өкінішке қарай, 2016 жылы әкім Исекешев 257 миллионды төлеуге рұқсат берді, соның кесірінен мемлекет 40 миллионнан астам шығынға ұшырады. Бұл қылмыстық істердің барлығы жеке-жеке бөлініп, тоқтатылды. Сіз менің жазбамды оқып, осының дәлелін көрдіңіз. Құқық қорғау органдарының бар шындықты халықтан жасыратынын қазір көп адам түсінді», – деді Nege тілшісіне берген пікірінде.

Айтпақшы, Қанат Сұлтанбеков Президентке ашық бейнеүндеу жолдайтынын, мұның форматы фильмге ұқсас болатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл фильмде бүкпесіз шындық еш цензурасыз айтылады.  

Тегтер: