Канат жолы, туризм және ЮНЕСКО: Қырғызстанда Сүлейман-Тооға қатысты дау неден шықты?
Қырғызстанда Ош қаласының басты нышаны саналатын Сүлейман-Тоо тауының болашағына қатысты дау туды. Оған қала мэрі Жанар Акаевтың қасиетті тауды ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізімінен шығару туралы ұсынысы себеп болды. Әкім халықаралық мәртебе қаланың туристік инфрақұрылымды дамытуына кедергі келтіретінін айтқан.
Астана, NEGE. Дау 23 тамызда Акаевтың журналист Семетей Аманбековке берген сұхбатынан кейін басталды. Әкім Ош қаласының екі негізгі символы – Ақ-Буура өзені мен Сүлейман-Тоо екенін айтып, олардың айналасын тұрғындар мен туристер үшін қолайлы ету қажет деген пікір білдірді.
Ақ-Буура өзенінің бойында жаяу жүргіншілер жолы, веложол, демалыс орындары мен жасыл аймақ салынып жатыр. Бұл жобаға шамамен 500 миллион сом бөлінген. Ал Сүлейман-Тоо аумағында кез келген жұмысты Мәдениет министрлігімен және ЮНЕСКО талаптарымен келісу қажет. Мэрдің айтуынша, мұндай рәсімдер кейде үш-төрт айға созылады.
Акаев осыған байланысты Сүлейман-Тооны Дүниежүзілік мұралар тізімінен шығару мәселесін қарастыруды ұсынды. Ол бұл ұсынысты Қырғызстанның мәдениет министрі Мирбек Мамбеталиевке ауызша айтқанын, енді ресми хат жолдауға ниетті екенін мәлімдеді.
Канат жолы туралы ұсыныс
Даудың негізгі бөлігі Сүлейман-Тооға канат жолын салу идеясына қатысты болды. Бұған дейін кәсіпкер Нариман Түлеев «Сүлейман Парк» сауда орталығынан тауға қарай канат жолын жүргізуді ұсынған. Жоба балаларға, қарт адамдарға және мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға тауға оңай көтерілуге мүмкіндік береді деген уәж айтылған.
Акаев Швейцариядағы тау туризмін мысалға келтірді. Оның пікірінше, тарихи нысанды сақтай отырып, айналасында серуендеуге, велосипед тебуге және демалуға арналған инфрақұрылым жасауға болады.
«Сүлейман-Тооны тарихи қалпында сақтау керек. Бірақ адамдар оның айналасында серуендеп, велосипед теуіп, орындықтарда отыра алуы тиіс», – деді әкім.
Сонымен бірге ол таудың басына дәмхана, мейрамхана немесе сауда орындарын салуға жол берілмейтінін айтқан. Алайда ЮНЕСКО мәртебесінен бас тарту туралы ұсыныс қоғамда тарихи аумақтың кейін құрылыс алаңына айналып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық туғызды.
Сын күшейгеннен кейін Акаев мәлімдемесін түсіндіріп, Сүлейман-Тоода канат жолы да, сауда орындары да салынбайтынын айтты. Оның сөзінше, негізгі мәселе – келісу рәсімдерінің ұзаққа созылуы мен шамадан тыс бюрократия.
«Егер әр тасты ұзақ уақыт келісетін болсақ, ешқайда жылжымаймыз. Мен тек рәсімдерді жылдамдату қажет екенін айттым», – деп түсіндірді ол.
Министрлік не деді?
Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігі мэрдің ұсынысын қолдамады. Министр Мирбек Мамбеталиев Сүлейман-Тооға канат жолын салуды «мүлде қабылдауға болмайтын» бастама деп атады.
Оның айтуынша, тау халықаралық деңгейде мойындалған тарихи және қасиетті нысан болғандықтан, Қырғызстан оны бастапқы келбетінде сақтауға міндетті. Егер Ош мэриясы канат жолын салу немесе нысанды ЮНЕСКО тізімінен шығару жөнінде ресми өтініш берсе, министрлік оған теріс жауап бермек.
Сүлейман-Тоо несімен маңызды?
Сүлейман-Тоо Ош қаласының дәл ортасында орналасқан. Тауда көне ғибадат орындары, үңгірлер, петроглифтер, мешіттер және түрлі тарихи кезеңдерге жататын мәдени қабаттар сақталған. Ол Орталық Азиядағы исламға дейінгі және ислам дәуіріндегі діни дәстүрлер тоғысқан қасиетті орын саналады.
Нысан 2009 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Ұйымның ресми сипаттамасында Сүлейман-Тоо Орталық Азиядағы қасиетті тауға табыну дәстүрін барынша толық көрсететін бірегей мәдени нысан ретінде бағаланған.
ЮНЕСКО талаптары тек таудың өзін емес, оның айналасындағы көріністі де қорғауға бағытталған. Сондықтан нысанның буферлік аумағындағы биік ғимараттар, жолдар, сауда орындары немесе басқа ірі құрылыстар таудың тарихи келбетіне әсер етуі мүмкін.
Жаңғырту жұмыстары бәрібір жүргізіледі
Дауда назардан тыс қалған тағы бір жайт бар. Сүлейман-Тоо аумағында инфрақұрылымды жаңарту толығымен тоқтап тұрған жоқ. 2026 жылғы қазанда музей кешенін ауқымды қайта жаңғырту басталуы тиіс. Жоба 2028 жылдың соңына дейін жалғасады.
Жобаның құны шамамен 12 миллион доллар, оны Дүниежүзілік банк қолдап отыр. Жоспарда музей экспозицияларын жаңарту, үңгірдегі, археологиялық және этнографиялық музейлерді қайта жабдықтау, визит-орталық салу, кіреберістер мен туристік жолдарды жөндеу бар.
Акаевтың сөзінше, қаражат бірнеше жыл бұрын бөлінгенімен, келісу рәсімдеріне байланысты оны игеру созылып кеткен. Осылайша, даудың түпкі себебі тарихи нысанды жаңарту керек пе деген сұрақта емес. Барлық тарап Сүлейман-Тооға жөндеу мен қолайлы инфрақұрылым қажет екенін мойындайды. Келіспеушілік жұмыстың ауқымы, жылдамдығы және оған қойылатын шектеулер төңірегінде туындап отыр.
Бұл мәселе әлемде туризмге қызығушылық күшейген кезеңде көтеріліп отыр. БҰҰ Туризм ұйымының мәліметінше, 2025 жылы халықаралық сапарлар саны 1,52 миллиардқа жетіп, туристік шығын көлемі шамамен 1,9 триллион доллар болған. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында да халықаралық туристер саны тағы 2 пайызға өсті.
Сондықтан қазір көптеген ел туристерге қолайлы көлік, жаяу жүргіншілер жолы, визит-орталықтар, демалыс орындары, цифрлық навигация және инклюзивті инфрақұрылым жасауға ұмтылып жатыр.