14 Тамыз 17:40
...

Қанат Бозымбаев Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволары басшыларын климаттық сын-қатер жағдайында суды әділ бөлуге шақырды

Үкімет
Фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Орталық Азия елдерінің Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 90-шы отырысын өткізді.

Астана, NEGE. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстанның салалық және сыртқы саясатқа жауапты ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары мен даму ұйымдарының өкілдері қатысты.

Аталған ұйым – өңірдегі трансшекаралық су ресурстарын стратегиялық басқарудағы негізгі мемлекетаралық орган. Бүгінгі отырыстың күн тәртібі агроклиматтық жағдайдың күрделілігіне байланысты айқындалды және су ресурстарын әділ бөлу жөніндегі жедел мәселелерге арналды.

Қанат Бозымбаев биылғы вегетациялық кезеңнің аса күрделі жағдайда өтіп жатқанын атап өтті. Алдағы жылдары күтілетін климаттық өзгеріс пен су тапшылығы Орталық Азия елдерінен үйлестірілген әрекеттер мен қол жеткізілген уағдаластықтарды қатаң сақтауды талап етеді.

«Шардара су қоймасындағы су көлемі көпжылдық орташа деңгейден төмендеді. Бұл – жай ғана көрсеткіш емес, ағыстың төменгі бөлігіндегі сумен қамтамасыз етілуіне төнген нақты қауіп. Өкінішке қарай, осы комиссия аясында қабылданған шешімдер толық көлемде орындалмай отыр, бұл өз кезегінде су режимдерін реттеуде елеулі қиындықтар туғызуда. Уақыт бізден анағұрлым жылдам әрекет етуді талап етеді. Біз тек талқылап, жоспарлап қана қоймай, нақты шаралар қабылдауымыз қажет. Серіктестігіміз сенім мен өзара түсіністік рухында дами береді деп сенемін, ал бірлескен жұмыс елдеріміз бен бүкіл өңір үшін нақты нәтижелер әкеледі», — деді Қанат Бозымбаев.

Отырыс аясында Қанат Бозымбаев Тәжікстан мен Өзбекстанның су шаруашылығы ведомстволары басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулерде Сырдария және Әмудария өзендері бассейндері бойынша бекітілген су лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимдерін пайдалану мәселелері талқыланып, келесі жылғы вегетациялық кезеңге дайындық іс-шараларының жоспары айқындалды.

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 90-шы отырысының хаттамасына қол қою рәсімі өтті. Келесі отырыс Түрікменстанда өтеді.