Қанат Бозымбаев: Қазақстан — су ресурстарының жартысына жуығын көршілерімен бөлісетін ел
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Душанбеде (Тәжікстан) өткен «Су тұрақты даму үшін, 2018-2028 жылдар» халықаралық іс-қимыл онжылдығы бойынша үшінші халықаралық конференцияда сөз сөйледі.
Алматы, NEGE. Жоғары деңгейдегі іс-шараны Тәжікстан Республикасының Үкіметі ұйымдастырды. Оған БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.
Душанбе су процесі климаттың өзгеруіне, ортақ суларды басқаруға және үкіметаралық келісімдерді жүзеге асыруға байланысты жаһандық су мәселелері бойынша жаңа шешімдер әзірлеуге арналған алаң болып саналады.
Вице-премьер өз сөзінде Қазақстан климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру жөніндегі жаһандық бастамаларды, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аудару жөніндегі Тәжікстанның күш-жігерін толық қолдайтынын атап өтті.
Бүгінде Қазақстанның су саясаты су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға және дамытуға, ақпараттық жүйелерді, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге және трансшекаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.
Қанат Бозымбаев Орталық Азиядағы трансшекаралық суларды басқару бойынша өзара іс-қимылдың одан әрі стратегиясын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
«Климаттың су ресурстарына әсер ету мәселесінде шекара жоқ. Климаттың өзгеруіне және судың жетіспеушілігіне әрекет ету шаралары барлық елдер арасындағы ынтымақтастықты және барлық мүмкін күштер мен құралдарды жұмылдыруды талап етеді. Қазақстан — су ресурстарының жартысына жуығын көршілерімен бөлісетін ел. Біз үшін трансшекаралық су ағындары бойынша ынтымақтастық суды тиімді басқаруды және экожүйелерді қорғауды қамтамасыз ету тұрғысында маңызды», — деді вице-премьер.
Арал теңізіндегі экологиялық жағдай ерекше алаңдаушылық туғызады.
5,5 миллион га шөлдің пайда болуы бүкіл аймақтағы адамдардың денсаулығы мен экожүйенің жағдайына теріс әсер етеді.
«Бұл сын-қатерлер су, энергетика және азық-түлік ресурстарына сұраныстың артуымен бірге Арал теңізі бассейнінде суды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру сияқты шараларды іске асыру арқылы табиғи су нысандарын сақтау және қалпына келтіру маңызды», — деп атап өтті вице-премьер.
Душанбе су процесі аясында Қанат Бозымбаев Тәжікстан Премьер-Министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзодамен, Ресей Президентінің көмекшісі, климат мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Руслан Эдельгериевпен, Өзбекстан президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиевпен, сондай-ақ Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесті.