Қанат Бозымбаев алты өңірдегі су тасқыны салдарын жою жұмыстарының қарқынын тексерді
Вице-премьер тұрғын үй қорын, әлеуметтік нысандарды, жол және инженерлік инфрақұрылымды, электр энергетика, байланыс, шағын және орта бизнес нысандарын қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Астана, NEGE. Кеңеске бейінді министрліктердің өкілдері, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері қатысты.
Ақмола облысында бүгінгі таңда 273 тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Атбасар қаласында көппәтерлі үйлер салынуда, онда қазан айында 165 отбасы қоныстануды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, су тасқынынан зардап шеккен үш ауданда 108 жеке үй салынып жатыр. 143 отбасы үшін тұрғын үй сатып алынды. Ресімдеу сатысында тағы 45 пәтер бар. Облыста екі мектеп пен балабақша қалпына келтірілуде.
Ақтөбе облысында барлық зардап шеккен үйлерге бағалау жүргізілді, 1840 үй бойынша залал өтелді. 250 үй сатып алынды, тағы 88-і бір апта ішінде сатып алынады. Өңірде 22 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру қажет. Екі мектеп пен үш балабақша құрылысы жүргізілуде. Жол инфрақұрылымы мен көпірлер қалпына келтірілуде. Алдағы уақытта 76 ШОБ субъектісіне көмек көрсету қажет.
Атырау облысында зардап шеккен 2663 үйдің 2599-ы бойынша залалды өтеуге шарттар жасалған. 69 ШОБ субъектісіне көмек көрсетілді. Зардап шеккен малға келтірілген залал толығымен өтелді. Инженерлік инфрақұрылым бойынша проблемалар жойылды, жолдар жөнделуде, үш мектеп қалпына келтірілуде, тағы бір мектеп қайта салынады.
Батыс Қазақстан облысында 13 әлеуметтік нысан жөнделуде. Жолдар мен көпірлер қалпына келтірілуде. 570 саяжай үйін зерттеу жалғасуда.
Қостанай облысында барлығы 468 үй жөндеуге жатпайды. 153 жаңа үй салынуда, қалған зардап шеккендерге бір апта ішінде тұрғын үй сатып алынады. Арқалық қаласында 50 пәтерлі үй салынуда. Осылайша, тұрғын үй қоры бойынша барлық жұмыстар 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Инженерлік және жол инфрақұрылымы жөнделуде, айналма бөгет салынуда.
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан 165 ШОБ субъектісі зардап шекті, залалды өтеуге өтінімдер қабылдануда. 620 үйдің құрылысы басталды. 100 үй беріліп, 391 отбасыға пәтер сатып алып берген. Петропавлдағы жолдар мен сорғы станцияның жөндеуі басталды.
Есептерді тыңдап, Қанат Бозымбаев су тасқыны салдарын жою қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне вице-премьер зардап шеккендерге тұрғын үй тапсыру мерзімдерін бұзуға жол бермеу туралы еске салды. Мектептер мен балабақшаларды оқу жылының басында пайдалануға беру де ерекше бақылауда.
Әкімдіктер қалпына келтіру қарқыны бойынша есептерді күнделікті негізде тапсыруы тиіс.