23 Тамыз 14:58

Қамшыбек Қоңқабаев: Олимпиадада жан беруге дайын болу керек екен

Фото:

Жуырда Қазақстан бокс федерациясы Токио олимпиадасының жүлдегерлері мен қатысушыларын жинап, арнайы марапаттады. Ресми жиыннан кейін олимпиадашылар БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.

Шараның дәл осы бөлігінде Қамшыбек Қоңқабаев қазақ тілінің мерейін бір көтеріп тастады. Журналистің орысша қойған сауалына олимпиадашы қазақ тілінде, байыппен жауап берді. Артынша жаңағы журналист орыс тілінде қайталап беріңізші дегенде Қамшыбек «тек қана қазақ тілінде сұхбат беремін» деп үн қатты. Бұл боксшының қазақ еліне, тіліне деген құрметі деп ұқтық.

Nege.kz тілшісінің сұрақтарына Қ.Қоңқабаев жауап берді.

– Қамшыбек, қола жүлде құтты болсын! Олимпиададан кейінгі көңіл күйіңіз қалай?

– Көп рахмет! Көңіл-күйіміз алай-дүлей. Өйткені, бокс – спорт қана емес, бокс – біз үшін өмір деуге болады. Біреу білер, біреу білмес біз бұл нәтижеге қаншама еңбекпен, тер, тіпті, қан төгіп жеттік.

– Алға жоспар құрып үлгердіңіз бе? Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына қатысасыз ба?

– Шыны керек әлі жоспар құрып үлгермедік. Өйткені менің бір аяғым кәсіпқой бокста жүр ғой. Ол жақтағы менеджерлермен, жеке һәм бас бапкерлермен ақылдаса келе бір шешім шығарамыз. Қазір бәрі де мүмкін. Кәсіпқой бокста жүріп Олимпиадаға қатысуға, әуесқой бокспен айналысуға әбден болады. Сондықтан бәрін уақыт көрсетеді. 

Фото: olimpic.kz

– Токиода алтын алатындай әлеуетіңіз болды. Жартылай финалда не жетпей қалды? 

– Әрине, алтын алғым келді. Жеңілісімнің бір емес, бірнеше себебі бар. Оны тізбектеп айтқым келмейді. Америкалық боксшыдан ұтыламын деп ойламадым. Тіпті, бірінші раундты ұтылдым деп есептемеймін. Раундты америкалыққа бергеннен кейін тактиканы ауыстыруға тура келді. Егер сол қалпы жалғастыра бергенде ішімде «неге басқа тактиканы көрмедім» деген өкініш қалар еді.

Екінші раундта қарсылас біраз тәлтіректеді. Бірақ, соңына дейін төмпештеп, құлатып үлгермедім. Барлық кінә өзімнен. Ешқандай да өкінбеймін. Алда талай белес, жарыс бар. Сол жарыстарда өзімді дәлелдеймін. 

– Бокс қаншалықты әділ өтті?

– Осы Олимпиада ойындары анағұрлым әділ өтті. Әрине бұрмалаушылық байқалды. Мәселен, Сәкен бауырым (Сәкен Бибосынов – ред.) алтынға лайық еді. Бірінші раундты берсе берген шығар, бірақ, қалған екі раундта таза ұтты. 

– Ұлттық құраманың капитаны ретінде сізге үлкен үміт артылды. Өзіңіз ғана емес құраманы алға сүйреуіңіз керек-ті. Командалас жігіттердің сәтсіздігін қалай қабылдадыңыз? Оның себебін немен байланыстырасыз?

– Ұлттық құраманың капитаны болу – үлкен жауапкершілік. Президентіміздің қолынан ту алдық, оны абыроймен алып келуіміз керек болды. Ол мені жігерлендірді, күшіме күш қосты. Бірақ, барлығы біз ойлағандай емес, бұйырғаны болды. Не үшін сәтсіз өнер көрсетті дегенге келсек, біреуінің бабы, енді бірінің бағы шаба алмады. Дайындық нашар болды, немесе тағы басқа дүние деп айта алмаймын. 

– Олимпиаданың сіз байқаған ерекшелігі қандай?

– Аллаға шүкір, екі рет Әлем біріншілігінде, үш рет Азия чемпионатында жүлде алдым. Бірақ, Олимпиадаға бірінші рет бардым. Ол жарыстар мен Олимпиаданың бір ерекшелігін байқадым. Жеңіп жүрген қарсыластарымды танымай қалдым. Олар рингте Олимпиада жүлдесі үшін жанын беруге дайын болды. Олимпиада сонысымен ерекше екен.

Тегтер: