Кәмелет жасқа толмаған балалардың атында 50 млрд теңге бар
Балаларға арналған «Арнау» депозиті былтыр іске қосылды. Жаңартылған бағдарлама арқылы небәрі 2 проценттік мөлшерлемемен баспана алуға болады.
Алматы, NEGE. Алайда ата-аналар сатып алу құнының 50 процентін 10 жыл ішінде жинауы керек. Несие тек кәмелетке толған депозит иесінің атына беріледі. Яғни баланың үй алар сәтте жасы 18-ден асуы шарт. Депозиттің бірнеше артықшылығы бар. Соның бірі, салымшының төлем қабілетін растау процедурасы жеңілдетілген. Сондай-ақ тек ата-ана ғана емес, аға-әпке, ата-әже баланың атына депозит аша алады. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде ұл баланың атына ашылған депозит саны көбірек екен. Ол шамамен 9 мыңды құрайды. Елде жыл өткен сайын баспанаға қол жеткізген отбасы қатары артып келеді. Себебі өңірлер мен ірі шаһарларда құрылыс қарқынды қазір. Былтыр саладағы өсім 16,8 процентке жеткен. Яғни бір жыл ішінде халық игілігіне 15,3 млн шаршы метр тұрғын-жай берілген. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Осылайша Қазақстан өз азаматтарын баспанамен қамтуда біраз мемлекетке үлгі болып отыр. Мұны Үкіметтің 2020 жылғы жұмысын қорытындылаған Асқар Мамин айтты. Құрылысы сағызша созылған баспаналар көзге күйік, көңілге қаяу түсіргелі қашан. Басқа-басқа, бас қаланың халқы зар илеп отыр.
Айталық, «Территория Комфорта-1» тұрғын үй кешенінің салынып жатқанына міне 17 жылдан асты. Әкімдік өкілдері әйтеуір әлеумет биылдан қалмай аңсаған пәтеріне аяқ басады деп сендірді. Бұл бір ғана мысал. Жалпы жемқор компаниялардың кесірінен оңбай опық жеген жұрттың қатары аз емес. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, түйткіл 2023 жылға дейін түбегейлі шешілуі тиіс. Биылдың өзінде «сақалды құрылыс» санатындағы 50 үй иесіне табысталады. Шамамен 7 мыңнан астам адам қоныс тойын тойлайды. Былтыр Ұлттық банк отандық өндірушілерден 59,8 тонна тазартылған алтын құймасын сатып алған. 2019 жылы көрсеткіш 57 тонна болған еді. Өсім 4,9 процентке жетті. Ресми мәліметтерге сәйкес, былтыр елде 118,1 тонна алтын және күміс құрамдас Доре құймасынан 69,8 тонна тазартылған алтын алынған. Сонымен қатар кейінгі бес жылда бағалы металды экспорттау ісінде де ілгерілеушілік байқалады.
ITC халықаралық сауда орталығының ақпаратына сәйкес, 2016 жылдан бері сыртқа тасымалданған өнім көлемі 4 есе артқан. Бүгінде орындалған меже 4 тоннаға жетіп отыр. Айта кетейік, Ұлттық банк мемлекеттің осы саладағы құқығына басымдық беру аясында бағалы металл қорын отандық өндірушілерден сатып алған өнім есебімен толықтырып отырады. Ұлттық статистика бюросындағылардың хабарлауынша, қазақстандықтар әрбір үш ай сайын ем-домға кемі 6 мың теңгесін шығындайды. Әсіресе қалалықтар емге келгенде аянып қалмайды. Қаржының көп бөлігі дәрі-дәрмек алуға жұмсалады. Есесіне стоматологиялық қызметке кететін шығын көлемі екі есе қысқарғанын байқауға болады. Бұдан бөлек аурухана, парамедициналық қызметтер мен медициналық құралдарды алу жағдайлары бар. Доллар 427 теңге 29 тиын, Еуро 510 теңге 77 тиын, Ресей рублі 5 теңге 85 тиын.