«Қалталы қайыршылар» ТЖМ тікұшағын қалай аңшылыққа мініп кетті?
8 қазанда атышулы «БАСЕ» ютуб-каналында ресейлік миллиардер Игорь Рыбаков пен қазақстандық миллионерлер Айдын Рахымбаев, Арманжан Байтасов, Берік Қаниев және тағы да басқа бір топ адамның Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазавиақұтқару» қызметінің тікұшағын мініп, саятшылық жасап жүрген видеосын жариялады.
Алдымен аздаған шегініс. Өткен аптада еліміздің әр түкпірінде төтенше жағдайлар аз болған жоқ.
- Нұр-Сұлтанға алғашқы қар жауып, астаналықтар әбігерге түсті. Бір тәулікте 96 жол апаты тіркелді. Жарақаттанғандар бар.
- Атырау облысының Махамбет ауданындағы Ортақшыл ауылында шөп өртеніп, 7-9 жастағы үш бірдей бала тірідей жанып кетті.
- Ақтөбе – Астрахан тас жолындағы сұмдық жол апатынан екі адам өлді.
- Павлодарда «КамАЗ» өрт сөндіргіш көлігі оқушылар автобусына соғылып, төрт бүлдіршін жарақат алды.
- Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан бес адам опат болды, олардың бірі – бір жасқа да толмаған сәби...
Бұл – өткен апатада елде болған төтенше оқиғалардың бір парасы ғана. Қан сіңген күре жолдарда адамдар ауруханаға жете алмай қыршын кетіп, шалғайдағы ауылда аяғы ауыр келіншек перзентханаға жете алмай үйінде босанып жатқанда ресейлік және қазақстандық байлар «Қазавиақұтқару» тікұшағын мініп алып, Сарыарқаның сайын даласында қаз атып жүрді.
ТЖМ-нің «тегін» тікұшағын мініп кеткен «қалталы қайыршылардың» ең зоры – ресейлік миллиардер Игорь Рыбаков. «Бар-жоғы» 2 миллиард доллары бар. Ресейдің ең бай адамдарының тізімінде 70-орында тұр. Видеодан байқағанымыздай, дәл осы Рыбаков қаз атуға қазақстандық достарына қонаққа келген сыңайлы.
Енді өзіміздің «қайыршылар» туралы.
Айдын Рахымбаевты жұртшылық біршама таниды. Әрдайым «майлы жілік мүжитін» «BI Group» дейтін құрылыс компаниясының басшысы.
Өткен жылы Forbes Рахымбаевтың байлығын 610 млн доллар деп бағалапты.
Айтпақшы, сарапшы Марат Шибұтов кеше ФБ-парақшасына Рахымбаев туралы қызық дерек жариялады.
«Кейбіреулер Айдын Рахымбаевтың сұхбатын мақтап жатыр, «жарайсың!, керемет!» дейді. Бірақ, бір түйткіл бар.
Біріншіден, ол – BI-да тек деиректорлар кеңесінің төрағасы ғана. Оның ешқандай да үлесі жоқ.
Екіншіден, холдингтің төлеген салығына қарайықшы. Мен 7 компанияны алдым, олар 2020 жылы 1 579 433 566 теңге салық төлеген. Тек бір ғана «BAZIS CONSTRUCTION» ЖШС-ның өзі 8 377 241 902 теңге, яғни 5 есе көп төлеген.
Салықтық жүктеме коэффициентін 6,9% деп алар болсақ, бұл 7 компанияның выручкасы бар-жоғы 22 890 341 536 теңге болады. Пәтер бағасын 23 млн деп есептесек, бұл бүкіл елге 1000 пәтер ғана болмақ. Қалайша бұлар аз үй салды?
Бәлкім, біздің салықшылар шағын және орта бизнесті млн теңгеге бола қысқанша, осындай «ірі-шортандармен» айналысқаны жөн болар?», – деп жазды М.Шибұтов.
Егер салықшылардың шамасы жетсе, оның артында тұрған «көке-тәтесінен» тартынбаса, Рахымбаевтың төлеп жатқан салығын өздері есептеп алар. Біздің айтпағымыз – басқа мәселе.
«Қалталы қайыршылар». Фото: А.Байтасовтың парақшасынан.
Қош, сонымен, жұртқа танымал қалған екі «қайыршы» кім? Олар – Арманжан Байтасов пен Берік Қаниев. Байтасовта – 90 млн доллар, Қаниевте – 80 млн доллар бар екен.
Мемлекеттің меншігіндегі тікұшаққа күндері қарап қалған «қайыршылардан» танығандарымыз – осылар. Қалғандары да бекер «қайыршы» емес екенін үстіне киген киімдерінен байқауға болады. Айталық, олардың үстіндегі америкалық бір ғана Sitka күртешесінің өзі түрі мен формасына қарай бағасы миллион теңгеге барады. Осыдан-ақ олардың қандай «қайыршылар» екенін бағамдай беріңіз...
Nege.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, «қалталы қайыршылар» «Қазавиақұтқару» тікұшағын қаншаға жалдағанын білмек болған. Баспасөз қызметінің өкілі «жалға беріле бермейді, негізі» деп күмілжіп, ресми сауал жіберуді сұрады. Министрлік өкілінің өтінішін бірден орындап, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің атына ресми сауал жолдап жібердік, енді нақты жауап күтеміз.
Ильин демекші, «бәселіктер» бүй деп қыжыртыпты: «Олигархтар тікұшақты жалға алу үшін ТЖМ басшысы Юрий Ильинге қанша төледі? Бірінші нұсқа: Бір бөтелке арақ. Екінші нұсқа: Игорь Рыбаковтың кітабы. Үшінші нұсқа: Тойота Лэнд Крузер 300».
Бірақ бұл үш нұсқа да біздің көңілімізге қонып тұрған жоқ. Біздің мынадай өз болжам-нұсқамыз бар: Тікұшақ олар үшін тегін болды. Яғни бюджеттің қаржысы жұмсалды. Өйткені «қалталы қайыршылармен» бірге министр Юрия Ильиннің өзі де қаз атуға барған. Олигархтарды суретке түсіріп жүрген «жұмбақ адам» кім болуы мүмкін? Әрине, Ильин!
Егер біздің нұсқамызды қате десе, «оллаһи-білләһи, қаз атуға бармадым» десе, министр Ю.Ильин жолдаған сауалымызды төмендегілерге сілтей салмай, тез арада өзі жауап беруі тиіс!