15 Қазан 16:51
...

«Қалталы қайыршылар» қаз ату үшін ТЖМ тікұшағына 5,3 млн теңге төлеген

Фото:

Жуырда ресейлік миллиардер И.Рыбаковты қонақ еткен қазақстандық қалталылар Төтенiе жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» тікұшағын мініп, қаз атуға барғанын жазғанбыз.

Сонда ақшасын төлесең, ТЖМ тікұшақтарын көшеде тұрған белесебет немесе самокат сияқты мініп кете беруге бола ма? Біз мұның жайын Төтенше жағдайлар министрі Юрий Илиннің өзінен сұрағанбыз, алайда сауалдарымызға «Қазавиақұтқару» АҚ директорының өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Ә.Мәжікенов жауап берді.

Nege.kz: ТЖМ тікұшақтары жалға беріле ме? Егер жалға берілсе, әр ұшу сағатының құны қанша?

Мәжікенов: ТЖМ мемлекеттік орган ретінде тікұшақтарды жалға бермейді. Осы тікұшақтар ведомстволық бағынысты ұйым – «Қазавиақұтқару» АҚ балансында болады, ол тікұшақ қызметтерін көрсету жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген қаржыландыру көздерін тартуға және пайдалануға құқылы. Бұл ретте әуе кемелері жалға берілмейді. Тікұшақтар түріне қарай ұшу сағатының тарифтері бойынша авиациалық қызметтер көрсету үшін ғана тартылуы мүмкін.

Фото: twitter.com/kazaviaspas_

Nege.kz: Ресейлік миллиардер мен қазақстандық кәсіпкерлер ТЖМ тікұшағын қандай негізде жалға алды және министрлікке қанша төледі?

Мәжікенов: Әуе кемесі жалға берілмеген. «Astana Business Aviation» ЖШС берген өтінім бойынша ұшу жүзеге асырылды. Көрсетілген рейс үшін «Astana Business Aviation» ЖШС «Қазавиақұтқару» АҚ 5 374 218,37 теңге сомасында төлем жасады.

Nege.kz: Тікұшақтарды жалға беру тәртібі қандай? Кез келген азамат жалға ала ма, әлде арнайы мақсат үшін ғана беріле ме?

Мәжікенов: Жоғарыда айтылғандай, тікұшақтар жалға берілмейді. Коммерциялық ұшулар «Қазавиақұтқару» АҚ шарт талаптарына сәйкес ұйымдардың өтінімі бойынша жүзеге асырылады.

Бұл ретте Тапсырыс берушімен жасалған шарттарда міндетті түрде «ТЖ туындаған жағдайда, егер ӘК Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен осы ТЖ жою үшін тартылатын болса, тасымалдаушының ТЖ салдарын жоюға қатысу аяқталғанға дейін оны орындау сәтін кейінге қалдыра отырып, қызметтерді орындаудан бас тартуға құқығы бар» деген шарт айтылады. Егер әуе кемесі елдің халқын қорғау мақсатында мемлекеттік органдар үшін ұшуға тартылмаған болса, онда ол Қоғамның белгіленген тарифтеріне сәйкес ұшуды жүзеге асыра алады. Бұл ретте тікұшақ техникасы орналасқан жерлерде міндетті түрде техникалық әзірлікте басқа әуе кемесі болады.

Nege.kz: Министрліктің баспасөз қызметі «тікұшақтар жалға беріле бермейді, негізі» деп жауап берді. Олай болса миллиардерлердің ТЖМ тікұшағын мініп, саятшылық жасап жүргенін қалай түсіндіресіз?

Мәжікенов: Иә, шынымен де тікұшақтар жалға берілмейді. Тікұшақ қызметтерін көрсету жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру үшін «Қазавиақұтқару» АҚ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген қаржыландыру көздерін тартуға және пайдалануға құқылы екендігі атап өтілді. Бұл жағдайда «Astana Business Aviation» ЖШС өтінімі бойынша «Қазавиақұтқару» АҚ арасында Шартқа сәйкес жолаушыларды бір нүктеден екінші нүктеге жеткізу қажет болды.

Nege.kz: Олигархтармен бірге қаз атуға сіз де (министр Ю.Ильин – ред.) бардыңыз ба?

Мәжікенов: Жоғарыда аталған тұлғалармен бірге ұшуды жүзеге асырған әуе кемесінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин болған жоқ.

Түйін: «Тікұшақ жалға беріле ме?» деген сұрақты тықақтап қайта-қайта қойған себебіміз – «жалға беру» мен «коммерциялық ұшудың» айырмашылығын түсінгіміз келген, алайда сол күйі түсіне алмадық.

Ал «Astana Business Aviation» ЖШС ресми сайтына «әлемнің кез-келген нүктесіне тербетіп апарамыз» деп жазыпты. Сондай-ақ, «Сіздің ұшағыңыз сіз ұшпағандықтан ғана қаңтарылып тұруға тиісті емес. Astana Business Aviation әуе кемесін жалға берудің (!) және одан пайда табудың жүздеген мүмкіндігін ұсынады...» дегенін де оқыдық.

Ендеше, әлдебір компания арқылы тікұшағын VIP-аңшыларға жалға берген ТЖМ әр нәрсені өз атымен атаудан НЕГЕ қашып отыр? Әлде «жалға берді» деген жаман естіле ме?

Тегтер: