20 Сәуір 17:10
...

Қалыңмалы қымбат. Қазақстандағы ең бай адам НЕГЕ «Альфа-банктен» бас тартты?

Фото:

Nege.kz дереккөзінің хабарлауынша, «Альфа-банк» акционерлері сұраған баға «Bank RBK» қожайыны Владимир Кимге тым қымбат болып көрінген. Бірақ ол сұраған дисконтқа «Альфа-банк» келіспеді. Одан кейін ресейліктер «ЦентрКредит» банкінің негізгі акционері Бақытбек Бәйсейітовке жүгініп, екі тарап келісімге келгендей болыпты.

Мәміленің жақын арада аяқталу мүмкіндігін бүгін Kursiv.media жазды. Басылымның ақпараты бойынша «Альфа-Банк» өкілдері белгілі бір сақтандыру компаниясына қоңырау шалып, бұдан кейін команданың өз жұмысын «ЦентрКредит» банкі құрамында жалғастыратынын айтқан. Бірақ бір банктің екінші қаржы ұйымын сатып алуы үшін қадағалаушының, яғни ҚНРДА-ның келісімі керек. Сондықтан «ЦентрКредиттің» қандай да бір ресми ақпарат тарату үшін Мадина Әбілқасымованың қабағына қарап отырғаны анық.

«Альфа-Банктің» Владимир Кимге сатылмай қалуының өзіндік себептері бар», – дейді осы келіссөздер бойынша жағдайды білетін Nege.kz дереккөзі.

«RBK Bank» тым үлкен дисконт сұраған. Оған жауап ретінде портфелінің сапасы жақсы «Альфа-Банк» басқа тараптармен келіссөздер жүргізуге шешім қабылдады.

2021 жылдың қортындысы бойынша Альфа капиталы 124 миллиард теңге болса, оны сатып алуға ниеттенген RBK Bank бар-жоғы 96 миллиард теңге капиталға ие болып отырды. Біз өз тарапымыздан «Bank RBK» акционері Владимир Кимнің қаншалықты қосымша шығындалуға дайын екенін ол кезде топшылай алмаған едік.

Қазақстандағы ең бай адам Владимир Ким. Фото: kapital.kz

Бірақ мұндай банктерді сатып алуға Владимир Кимнің мүмкіндігі жетеді. Бір ғана «Kaz Minerals» 2020 жылы EBITDA көрсеткіші бойынша 1,4 миллиард доллар кіріс алған. Ал акционерлерге қарасты табысы 639 миллион доллардың шамасында болды.

Топтың өзі жылдық есебінде «2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша компанияның акционерлеріне тиесілі капиталы 2,3 миллиард АҚШ долларын құрады», – деп көрсетеді. Ол кездерде Владимир Кимнің «Kaz Minerals»-тағы үлесі шамамен 39 пайыз болғанын ескерсек, оның қазіргі бағаммен 385 миллиард теңге табыс тапқанын болжауға болады.

Ұлттық банк деректеріне сай, «Альфа-Банк» активтерінің көлемі бойынша 908,6 миллиард теңге көрсеткішпен отандық банк секторында 11-орынды иеленген. Банктің несие портфелі – 564,4 миллиард теңге. Жалпы бұл рэнкингке 22 банк кіреді.

Ал «Банк ЦентрКредит» 2,19 триллион теңге активтерімен жетінші орында тұр. Ол екінші толқынның үздік банкі деп саналады. Несие портфелі 1,24 триллион теңгеге, ал міндеттемелері 2,04 триллион теңгеге бағаланып отыр.

«ЦентрКредит» банкінің негізгі акционері – Бақытбек Бәйсейітов. Оған қаржы ұйымының 48,47% акциясы тиесілі. 11,16 пайыз акция Владислав Лидің қолында. Мамандар «Альфа-Банкті» сатып алғаны жарияланатын күннен бастап, «ЦентрКредит» банкінің нарықтағы үлесі сәл де болса артады деп болжап отыр.

Тегтер: