Қалетаев – куәгер, ал Қайсағалиев...

Жуырда Nege.kz порталы Украинадағы елші Дархан Қалетаевқа және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Алтынбек Қайсағалиевке қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ресми сауал жолдаған. Сауалымызға жауап келді.
Естеріңізге салайық, Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаевты Антикор Нұр-Сұлтанға шақыртқан. Осыған байланысты Жемқорлықпен күрес қызметінің басшысы Алик Жатқамбайұлының атына төмендегідей сауалдар жолдағанбыз:
Д.Қалетаев қандай қылмыстық іс бойынша түсініктеме беруге шақырылды? Елші түсініктеме берді ме? Ол қазір қайда? Төтенше және өкілетті елшілер дипломатиялық артықшылығы мен иммунитетін қандай жағдайда қолдана алады? Сыртқы істер министрлігіне Д.Қалетаевты қызметінен босату жөнінде ұсыныс түсіресіздер ме? Қылмыстық іс бойынша Қалетаевтың статусы қандай: Күдікті ме? Куәгер ме? Әлде қорғануға құқығы бар куәгер ме?
Біздің бірнеше сұрағымызға төрағаның орынбасары Д.Малахов тым сараң жауап беріпті. Тіпті «қылмыстық іс деректерін жария етпеу» туралы бапқа сілтеме жасауды да қажет деп санамаса керек керек...
Ал енді Алтай Көлгіновтің бұрынғы орынбасары А.Қайсағалиевке қатысты сұрағымызға біршама толық жауап беріліпті. Өйткені «қылмыс құрамы болмағандықтан» қылмыстық іс қысқартылған. Мұнда ешқандай құпия болмаса керек, сірә. Біздің ойымызша, «құпия» басқада...
Биыл жазда Қайсағалиевтің басы бірнеше рет дауға қалды. Карантин талаптарына қарамастан, әйелі Н.Егізова салон аралап жүргені үшін айыппұл төледі. Шілденің соңында Қайсағалиевтің өзі жұмыстан кетті. Көп ұзамай жемқорлық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Шпекбаевтың орынбасарының жазуынша, жуырда қылмыстық іс қысқартылыпты.
P.S. «Кәрі қасқыр» болмаса да, Қалетаев түрлі саяси ойындарға қатысып, біршама ысылған. Қалетаевтың деңгейіндегі саясаткерді қылмысты жасау үшін ең жоғарыдан санкция алу керек екені түсінікті.
Қалетаевпен салыстырғанда, Қайсағалиев әлі шикі. «Мұндай шырмауықтан өз бетінше құтылып кетуі мүмкін емес» дейтіндер бірдеңені біліп айтатындай. «Бауыржан Байбектің туысы» деген гу-гуде қаншалықты шындық барын білмейміз. Білетініміз – Шпекбаевтың «шырмауығынан» оның өте оңай құтылғаны ғана...