Қайтқан Қайраттан қайыр бар. Деолигархизация НЕГЕ ел экономикасына жағымды импульс бермек?
Миллиардер Қайрат Боранбаевтың шетелдегі жылжымайтын мүлкі 300 миллион долларға бағаланып отыр. Осы дүние-мүліктерді және сонымен бірге Қайрат Сатыбалдының «Қазақтелекомдағы» үлесін, Дубайдағы пәтерлерінің құнын елге қайтарса, отандық бюджетті шамамен 230 миллиард теңгеге толықтыруға тамаша мүмкіндік бар.
Ресми және бейресми миллиардерлер – Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалдының шетелде жинаған мүліктері аз болмай шықты. Бұл туралы «Выход к морю» телеграм-арнасы жазады. «Қайрат Боранбаев өз капиталын Қазақстанда табады, бірақ ақшасын шетелде жұмсайды. Біз оның шетелдегі мүлкі туралы қолда бар ақпаратты бір жерге жинадық», – деп тақырыпты ашады зерттеу авторлары.
Миллиардер Қайрат Боранбаев. Фото: Facebook
Қайрат Боранбаев Канадада «Global Land Investment Inc» арқылы Торонтоның шетіндегі 1,3 миллион доллар тұратын екі қабатты зәулім үйге иелік етеді. Ал Ұлыбритания астанасы Лондонның орталығынан 30 минуттық жерде орналасқан «Вирджиния Уотер» ауылында Боранбаев пен оның әйелі Шолпанның екі үйі бар.
Біреуі Жаңа Зеландиялық компания арқылы жасалған және құны 3 миллион фунт стерлинг болса, Боранбаевтың «миллиардерлер ауылындағы» екінші сарайы одан әлдеқайда сәндірек. Онда аумағы 2000 шаршы метрден астам тұрғын үй, кинотеатр, бассейн, шарап жертөлесі, спорт залы, сауна және спорт алаңы бар. Бұл резиденция құны – 25,5 миллион фунт стерлинг.
Лондондағы «The Knightsbridge Apartments» кешені. Фото: find-an-architect.architecture.com
Қайрат Боранбаевтың Лондонның өзінде де жылжымайтын мүлкі бар. Ол «The Knightsbridge Apartments» элиталық кешенінен бірден үш пәтер сатып алған. Бұл пәтерлерінің ортақ құны – 55 миллион фунт стерлинг. «Боранбаевтың тағы бір пәтері «One Hyde Park» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Пәтер тұтас бір қабатты алып жатыр және бағасы 100 миллион фунт стерлингтен асады», – деп жазады зерттеу авторлары.
«Чехияда Қайрат Боранбаев Карловы Варыда құны 13 миллион доллар тұратын «Mignon» және «Villa Ahlan» қонақүйлеріне иелік етеді. 2013 жылы Боранбаевтың компаниясы Вилла Бианкадан 2,6 миллион долларға екі пәтер сатып алды. Сонымен бірге, олигарх 1,26 миллион долларға теннис кортын да меншіктеген»
Боранбаев мұнымен тоқтамапты. Латвияның Юрмала курортынан да гольф клуб сатып алып, оны дамытуға 13 миллион еуроға дейін қаржы жұмсаған. Ал Мәскеудегі Еуропадағы ең биік ғимарат болып саналатын «Федерация» мұнарасында Боранбаевтың ауданы 482 шаршы метрлік зәулім пәтері бар. Біз ол туралы осыдан екі жыл бұрын жазған болатынбыз.
-
Тақырыпқа орай: Путиннің «достары» мен Қайрат Боранбаев. Қазақстандағы №10 олигарх Ресейдегі ең қымбат үйдің қожасы екен
Осылайша, Қайрат Боранбаевтың шетелдегі тек қана жылжымайтын мүлікке салынған активтерін елге қайтарған күннің өзінде, бюджетті 150 миллиард теңгеге бірден толықтыруға болады. Қазақстанның қазіргі жағдайында бұл қаржы бізге аса қажет. Осы орайда, Боранбаевтың компаниясы «Қазақстан халқына» қорына бар-жоғы 350 миллион теңге аударғанын да ескеру керек.
Қайрат Сатыбалды. Фото: kaztag.kz
Ашық деректер арқылы активтерінің нақты көлемін есептеу қиынға соғатын тағы бір Қайрат бар. Ол – Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды.
Ресми түрде оның «Қазақтелеком» ұлттық компаниясында 22 пайыз үлесі бар екенін білеміз. Ол үлестің мемлекетке қайтатынына еш күмәніміз жоқ. Демек, «Қазақтелеком» акцияларының қайтуынан бюджетке 75 миллиард теңге түсіруге болады. Одан бөлек, «Выход к морю» зерттеуі бойынша, Сатыбалдының Дубайда екі пәтері бар. Олар Дубайдың ең элиталық аймағында орналасқан өте қымбат мүлікке жатады. Мысалы, «Jumeirah Beach Residence»-тегі пәтерлердің орташа құны 2 миллион долларға бағаланады.
Қазақстан деолигархизация процессін сәтті жүргізіп қана қоймай, халықтан ұрланған миллиардтарды бюджетке қайтара алса, биыл геосаяси жағдайларға қарамастан экономикалық өсім көрсете алады. Ал халықаралық жағдай тұрақтанса, 2023 жылдан бастап монополиядан арылған ашық нарық қарқынды даму жолына түсетінін болжап отырмыз.