Қайрат Жолдыбайұлы: Өзгерістерден қорықпа!

Жуырда Алматыдағы Республика сарайында белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» рухани кеші өтті. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта адамзат баласы «Кемел» болу үшін қандай харекет керек? Кемелдіктің құлпын қалай ашамыз? Осы секілді сауалдарға жауап іздеген автор көрерменге біраз ой тастады.
Кеш «Кемел адам» кітабының таныстырылымы ретінде өтті. Басқа тұсаукесерлерге, кештерге қарағанда ешкім авторды құттықтап сөз сөйлемеді, иығына шапан жауып, мақтамады. Тіпті, «пәлен шығады, түген келеді» дейтін жүргізушілерсіз 2 сағат өте шықты.
Кітап желісімен сахналанған қойылымдар, автордың көрерменмен байланысы, арнайы жазылған «Кемел адам» күйі де ерекше әсер қалдырды.
Бір қарағанда, су – адамзат пен табиғат үшін тіршілік көзі. Қайрат Жолдыбайұлы «Кемел адам» кітабында сол тіршілік көзінен ғибрат алуға шақырып, «судай бол!» деген үндеу тастады.
«Су – кездескен бөгеттерді айналып өтіп, жылға сайды қуалай жылжып, мақсатына жетеді. Сен де өмірде кездесетін кедергілерді осылай айналып өт. Мақсатыңды жиып қойып, жолыңда кездескен адамдармен айтысып-тартысып уақытыңды босқа өлтіріп алма!
Су – қандай ыдысқа құйылса да сол ыдыстың формасына ыңғайланып, өз қасиетін жоғалтпастан пішінін өзгерте алады. Сен де су тәрізді жағдайға ыңғайланып, қоғамға бейімдел. Бірақ, су секілді сен де өз болмысыңды, ішкі құндылықтарыңды сақта.
Су өзгерістен қорықпайды. Ол бу болып аспанға ұшады, бұлт болып жосылып көшеді, жаңбыр, бұршақ болып жерге қайта жауады, қар болып жапалақтайды, мұз болып қатады, су болып қайта ериді, аяғында су – су болып қалады. Ендеше сен де су секілді өзгерістен қорықпа. Өзгерістің дәмін татқан адам ғана дамиды», – дейді Қайрат Жолдыбайұлы.
Аталған кітап тек қана рухани емес, тұлғалық даму тақырыбын айналып өтпейді. Автор тағы бір пікірінде заманалы аффирмацияның жетегінде жүргендерді мысал етті.
«Қазір тұлғалық дамуды үйрететін курстарда «Аффирмация жасаңдар. Ол – сенімі сетінеген жандарға сенімділік береді» дейтінге ұқсайды.
Бір қарындасымыз жайлы әңгіме естідім. Қолына электронды тәспі ұстап алып «Мен әдемімін» деп күніне 1 мың рет қайталайды екен. Тағы бір кісі «Мен баймын» деп күніне 500 рет айтып жүреді. Мұның бәрін көріп, естіп жүргесін осы кітапты сөздің құдыреті мен ықпалын түсіндіру үшін жаздым. Әсілінде, сөздің құдыреті көп, мойындаймын. Бірақ, жаңағыдай бір сөзді мың рет қайталаған адам, жетістікке жеткенде тәкаппар болып шығады. «Мен өзімнің мықтылығыммен жеттім» деген ой санасына сіңіп қалады. Жетістікке жетпегендерге менсінбей қарайтын мінез тауып алады. Немесе «мен әдемімін» деп жүрген қыз өзі ойлағандай әдемі емес екенін ұғынғанда күйзеліске түседі.
Мұндай аффирмация біздің жол емес, мұсылманға тән емес. Нағыз аффирмация – Аллаға зікір айту.
Мәселен, кәсібі бар кісі «Иә Раззақ» деп ризық беруші Алланың есімін көп айту керек. Қарекет пен еңбек етіп жүріп Аллаға сенім артасыз. Кәсіп бастағысы келіп жүргендер «Иә Фәттақ» дегенді жиі айту керек. Мол мүмкіндік сыйлаушы, есіктерді ашушы дегенді білдіреді. Денсаулық сұрап жүрген кісі Алланың «Иә Шәфи» деген есімін жиірек айту керек. Жүрегіне мейірім сұрап жүрген кісі «Иә Уәдуд» дегені жөн. Бұның бәрін біздің ата-бабаларымыз айтып отыратын. Осы зікір – нағыз аффирмация», – деген Қайрат Жолдыбайұлы «Кемел Адам» кешін Алла тағалланың көркем есімдерімен аяқтады.