«Қайрат Сатыбалдының жобасы жүзеге асқан жоқ»

Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды «Заңсыз жолмен ақша жымқырды» деген айыппен ұсталғанымен, оған қатысты бұрынғы дау-дамайлар әлі де толастамады. Әсіресе оны «елде сәләфизмнің тамыр жаюына атсалысты» деп айыптайтындар көп. Алайда, оны жақтайтындар да аз емес.
Мұхамеджан Тазабек Қайрат Сатыбалдыға арнап пост жазып, «Жемқорлықпен күрескен болу – саяси тәсіл. Уақытша болса да қауымды алдарқатып, бедел жинауға таптырмас амал» деп, қазіргі сот процестеріне сенбейтінін аңғартты. Қайрат қамауға алынғалы бері ол туралы ашық дереккөздегі видеолар көп қаралым жинай бастады. Соның бірі – 2019 жылы өзі ашып берген «Сатыбалды Әбішұлы атындағы ислам орталығы» деп аталатын Сарыағаштағы мешітте сөйлеген сөзі.
10 мыңға жуық адам жиналған жиында Қайрат Сатыбалды елбасының еңбегін айта келе халықты алла мен патшаға қызмет етуге шақырды. Сонан соң бар ұлтты бір жерге ұйыстыратын дін ғана деген тұжырым жасаған ол қазақтың жүздік құрылымын «сасық әңгімеге» балаған еді.
– Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп сасық әңгіме болмай, қазақты біріктіретін – тек ислам. Мұсылманды мұсылманға жақындататын – тек ислам. Мен жұмысты бастадым. Менің міндетім – тиын-теңге табу, ал дінді тарату осы ағайындардың қолында, – деп, ислам орталығының кілтін Абдуғаппар, Абдужаппар Смановтарға табыстаған болатын.
Одан бөлек, Қайрат Сатыбалды ҚР «Ұлттық спорт қауымдастығының» құрметті президенті, ал Бекболат Тілеухан оның вице-президенті қызметін атқарған кезде түрлі жобалар ұйымдастырмақ болып, өз командасын жасақтаған. Англияда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген журналист Рахат Жақсыбай да арнайы шақыртумен осы команданың мүшесі атанған.
– 2018 жылы Қайрат ағамыз, Бекболат ағамыздан ұсыныс түскеннен кейін қауымдастыққа келдім. Үлкен іс-шаралар жоспарладық. «Бүкіләлемдік этноспорт ойындары деген» жобамызды пандемия кезінде өткізе алмай қалдық, – деген еді ол бір сұхбатында.
NEGE тілшісі ҚР Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Серікханұлынан Қайрат Сатыбалды мен Бекболат Тілеуханның жоспарлаған жобалары туралы сұраған еді.
– Ондай жоба болды және ол қаралды. Бірақ қаралғаннан кейін ары қарай шешімін таппады, – деп қысқа қайырды комитет төрағасы ОКҚ баспасөз брифингінде.
Айта кетсек, бірнеше жыл «Ұлттық спорт қауымдастығын» басқарған Бекболат Тілеухан қаңтар оқиғасының алдында бұл қызметін тастап, Түркияға кеткен еді. 9 қыркүйекте оның орнына жаңа президент келді. Қауымдастыққа хабарласқан тілші қазір ондағы команда түгелдей жаңарғанын анықтады. Ал осы кезге дейін онда атқарушы директор болған Рахат Жақсыбай қызметінен босап, 1 қазанға дейін тиісті құжаттарды тапсырумен айналысып жатқан көрінеді.