19 Мамыр 22:35
...

Қайрат Сатыбалды «DoubleTree by Hilton Almaty» қонақ үйіне де рейдерлік жасаған ба?

Фото:

Бұған дейін «АБЛИ-Құрылыс» ЖШС өкілдері «Қазаэронавигация» РМК-ны «DoubleTree by Hilton Almaty» қонақ үй кешеніне рейдерлік жасады деп айыптаған болатын. Бір қызығы, бұл былықтың төңірегінде тағы да экс-президент Н.Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалдының аты аталады.  

Бәрін басынан баяндап көрейік. Осыдан төрт жыл бұрын әлемдік «DoubleTree by Hilton Almaty» қонақ үйлер желісі Алматы жіне Нұр-Сұлтан қаласынан да бой көтергені мәлім. Мұның Алматыдағысын салуды «АБЛИ Құрылыс» компаниясы франчайзинг келісімі негізінде өз мойнына алған. Сөйтіп, 2019 жылы пайдалануға берілген қонақ үйдің басына бұлт үйіріле бастады. Кеше «DoubleTree by Hilton» қонақ үйінің құрылтайшысы саналатын Шолпан Каранеева ел президенті Қ.Тоқаевқа үндеу жолдап, танымал адамның бірі бизнесін рейдерлік жолмен тартып алғанын жеткізді. Оның мәлімдеме жасауына Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен Алматы қалалық соты мүлікті қайтарып алу туралы шағымын қанағаттандырмағаны себеп болған.

Құрылтайшы қонақ үйді салу үшін бірнеше банктен несие алған. Оның ішінде «Capital Bank Kazakhstan» банкі де бар. Кепілдік ретінде құрылысы бітпеген қонақ үй ғимаратын қойып, 9 млрд теңге алған. Айтуынша, ай сайын несиені төлеп, 2019 жылы пайдалануға берілгенмен, 2020 жылы коронавирус індетіне байланысты бизнес тұралап қалады. Содан кейін мемлекет несиені үш айға шегеріп және нақты қонақ үй бизнесі үшін 3 ай жеңілдік мерзімі қабылданады.

«DoubleTree by Hilton» қонақ үйінің құрылтайшысы Шолпан Каранееваның пікірінше, 2020 жылы «Capital Bank Kazakhstan» кредит үшін кепілдікте тұрған қонақ үйді коллекторлық компанияға өткізіп жіберген. «Шын мәнінде біздің ешқандай қарызымыз жоқ еді. Тек локдаунға байланысты кейінге шегеру жеңілдігін пайдаландық. Оны айғақтайтын барлық құжат қолымызда. Қарасақ, біз банкке емес, «Қазаэронавигация» РМК-ға тиеселі болып шықтық.

«Заңгер» деген атпен құрылған коллекторлық компания басшысы Айгүл Зікирянова Hilton қонақ үйі мен оның барлық мүлкін құрылғанына бір күн ғана болған «Байдалы» деген жеке компанияға сатқан. Соманы екі есе төмен көрсетіп, 5 млрд теңгеге сырттай саудалаған. Біз заңды мүлкімізді қайтарып алу үшін сотқа арыз жаздық», – дейді президентке жолдаған үндеуінде.

Қонақ үй қызметкерлері бұл істің артында белгілі кәсіпкер, қазір күдікті ретінде қамауда отырған Қайрат Сатыбалды тұруы мүмкін екенін жасырмайды. «DoubleTree by Hilton» қонақ үйінде төсек-орын жуатын бөлімде супервайзер болып жұмыс істейтін Бекзат Омарова былтыр қараша айында Қайрат Сатыбалды келіп, 6 адамды басқарушылық қызметке орналастырып, кіреберіс есіктің күзетшілерін ауыстырғанын айтады.

«2021 жылы қараша айында жұмыста жүргенде кешке қарай заттарды жуатын бөлімге бірнеше кісі баса-көктеп кіріп келді.

Әуелгіде оның Қайрат Сатыбалды екенін білмедім. Кейін телеарнадан және интернеттен көріп, сол адам екеніне көзім жетті. Сосын қасында орамал таққан әйелі болуы керек, соған қарады да «Гүлеке, міне қара осы жер «прачка-срачка» деп таныстырып, қайтадан шығып кетті», – дейді қонақ үй қызметкері Бекзат Омарова.  

DoubleTree by Hilton қонақ үйінің қазіргі қожайындары бизнесті тартып алуға нақты «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ға Орифджан Шадиевтің қатысы бар екенін айтады. Шолпан Қаранеева миллиардер Патох Шодиевтің жиен інісі алаяқтық жолмен кепілде тұрған мейманхананы сырттай сатып жібергеніне сенімді. Ал Hilton қонақ үйін «Байдалы» деген атпен құрылған жеке компания өз иелігіне алғаны белгілі болған. Қонақ үй қызметкерлері бұл ЖШС-ның артында белгілі кәсіпкер, қазір күдікті ретінде қамауда отырған Қайрат Сатыбалды тұр деп күдіктенеді.

Еске сала кетейік, 13 наурыз күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау дерегі бойынша Қайрат Сатыбалдыұлы күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 12 мамыр күні күдікті Қайрат Сатыбалдыға қатысты тұтқында ұстау түрінде санкцияланған бұлтартпау іс-шарасының мерзімін тағы 1 ай мерзімге ұзартты. Сондай-ақ, 16 наурызда Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды ҚР ҚПК 128-бабы бойынша ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласының УҰИ-не қамалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті рейдерлік басып алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған еді.

Қонақ үй құрылтайшысы кәсібін рейдерлік жолмен тартып алғанына анық көзі жеткенін айтады. Оның ендігі үміті ел президенті мен Жоғарғы сотта ғана. 

Тегтер: