Қайрат НҰРҚАДІЛОВ: ЗАМАНБЕКТІҢ баласы мен АЛТЫНБЕКТІҢ ағасы бір-бірімен таласпауы керек
Алматы облысының №11 сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидат боп тіркелген Қайрат Нұрқаділов үміткерліктен бас тартып, Рысбек Сәрсенбайды қолдайтынын айтты.
Мұның себебін NEGE тілшісі Қ.Заманбекұлының өзінен сұрады
– Не себепті сайлауға түскіңіз келді? Биліктің тарапынан «сайлауға түс» деген ұсыныс болды ма?
– Мен біраз уақыт шенеунік болдым. Үкіметтің жұмысынан хабардармын, бюджетті қалай құрайтынын білемін. Таза, адал еңбегіммен жұмыс істедім. Заң бұзып, істі болған жоқпын.
Қазіргі уақытта ешқандай партияда жоқпын. Сол себепті бір мандаттық округтен депутаттыққа барамын деп ойладым. Билік тарапынан ешқандай да ұсыныс болған жоқ. Депутат болып қызмет етіп, әкемнің істеп үлгермей кеткен істерін жалғастырып, елім үшін жұмыс істесем деген ой болды.
– Сайлауға түсуден не себепті бас тарттыңыз?
– Мен сайлауға Алматы облысынан түспек болдым. Бұл өңірді таңдауымның да өзіндік себебі бар. Алматы облысының азаматтары әкемді білгеннен кейін, мені білгеннен кейін осы облысты таңдадым. Алматы облысынан туыстарым хабарласып, «Қайратты қолдаймыз» деп жатқан адамдар көп деді. Рысбек Сәрсенбайұлын қолдаушылар да аз емес.
Ертең бір ауылдың жартысы маған, жартысы Рысбек ағаға дауыс беріп, екеуміз 20 пайыздан алсақ, басқа үміткер 21 пайыз дауыспен өтіп кетуі мүмкін.
Сөз көбейеді, наразылар шығады. Өйткені, «біреуі ғана қатысса, 40 пайыз дауыс алатын еді ғой» дейді. Мұның керегі не? Мен осыны да ойладым.
Бас тартуыма келер болсақ, мен бірінші болып 25 қаңтар айында құжаттарымды өткіздім. Менен кейін Рысбек ағамыз да өз кандидатурасын ұсынды. Рысбек Сәрсенбайұлымен сайлауға қатар түспегенде, кандидаттықтан бас тартпас едім.
– «Рысбек Сәрсенбайға жолымды берем, үгіт-насихатына көмектесем» деп мәлімдедіңіз. Мұндай шешім қабылдауға не түрткі болды?
– Егер менің әкем мен Алтынбек тірі болса, екеуі бір шешімге келер еді. Рысбек аға екеуміз бір округтен түскеннен кейін ертең бір-біріміздің дауысымызды бөліп, бөгет жасауымыз мүмкін ғой. Тек Алматы облысы ғана емес, барлық өңірдің халқы бақылап отыр. Ертең «Рысбек пен Қайрат бір-біріне жол беріп, неге келіспеді екен» деп ойлайды.
Жол бергенімнің тағы бір себебі, екеуміз де бір атаның балалаларымыз. Екеуміздің бір орынға таласқанымыз ұят болады. Депутат болу жақсы ғой, бірақ адамгершілік одан да биік. Інісі ретінде жолымды бердім.
«Шалдар неге жастарға жол берілмейді» дейтіндер бар. Тек жастарды сайлау керек дегенге келіспеймін. Рысбек Сәрсенбайұлы ондай «шалдардың» қатарынан емес. Ол айтатын сөзін жақсы біледі. Әлі мемлекетке қызмет етуге мүмкіншілігі бар. Жұмыс істеудің жөнін білетін азаматтардың бірі. Халыққа берері көп.
А.Сәрсенбайұлы мен З.Қалабайұлы.
– Рысбек Сәрсебайдың бағдарламасымен таныстыңыз ба?
– Ол кісінің бағдарламасын толық оқып шықтым. Менің бағдарламаммен ұқсас. Екеуміздің де ойымыз бір жерден шықты. Сол себепті де Рысбек ағаны қолдадым.
– №11 округтан сайлауға түсіп жатқан өзге үміткерлерге не айтасыз?
– Бәрі жақсылап ойласын. Көбісі мемлекеттік қызмет істемеген. Депутат болу оңай шаруа емес. Мәжіліске қайраткерлер баруы керек. Егер сайлауға түсіп жеңемін десе, оны да құптаймын. Олардың да халыққа пайдамды тигіземін деген өз жоспарлары бар. Бірақ ертең мойындарына ауыр жүк артылатынын ұмытпасын.
Партияның тізімімен өту басқа. Ол жерде негізгі жүкті партия көтергендіктен, жалғыз болмайды. Ал бұл жерде сен жалғызсың. Халық саған дауыс бергенде сұрауы тек сенен ғана болады.
Өз тарапымнан бір нәрсені нақты айта аламын: Заманбектің баласы мен Алтынбектің ағасы бір-бірімен таласпауы керек.
Өйткені халқымыз үшін еңбек етсек деген талпынысымыз бен бағытымыз бір.
– Биліктің жүргізіп жатқан саяси реформаларына, сайлауға деген көзқарасыңыз қалай?
– Маған осы сайлауға қатысты реформалар ұнады. Өте дұрыс. Азаматтар шығып пікірін ашық айтып, әлеуметтік желіде бір-біріне қолдау білдіріп жатыр. Бағдарламалары көңілге қонымды. Партияларға қарағанда, жеке үміткерлердің халыққа көп пайдасы тиеді. Мен осы реформаны қолдаймын.
– Әкеңіз Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты істі қайта қаратудан үмітіңіз бар ма? Ол үшін қандай әрекет жасап жүрсіз?
– Әкемнің өліміне қатысты іс бойынша әзірге ешқандай әрекет жасап жатқан жоқпын. Алдымен сайлауды өткізіп алайық. Рысбек ағамыз депутат болса, міндетті түрде әкем мен Алтынбектің ісін жалғайды. Маған сөз берді, мен ол кісіге сенемін.