Қайын атасы келінін ұрып, 5 немересімен қуып жіберген (видео)
Сарыағашта 5 балалы келіншекті бұрыңғы қайын атасы мен күйеуі ұрып, үйінен қуып шықты.
Алматы, NEGE. Әлеуметтік желіде Сарыағаш қаласында түсірілген видеожазбаны журналист Гүлмира Әбіқай бөлісті.
«Қайын атасы мен күйеуі әйелді 5 баласымен далаға қуып шықты. Қуды дегенде тура мағынасында күйеуі әйелі мен балаларының киім-кешек, жастығын жинап, атасы келінін далаға ұрып шығарды. Кәмелет жасқа толмаған 5 бала азан-қазан, бәріне куә полиция қарап тұр. Оқиға киелі мекен Түркістан облысының, Сарығаш қаласында болды. 5 баламен барар жер, басар тау жоқ әйел далада қалды. Психологиялық стресстен баласы ауырып ауруханаға түсті, қазір маған сол жақтан жазып отыр. Мән-жайдың бәрін енесі біледі, араласса өзі таяқ жейді.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Әрине, көп балалы анаға көмектесу керек. Бар кінәсі жетім қыз, қорғаны жоқ, ал күйеуі өзінен жасы үлкен әйел тапты. Түркістан облыстық, Сарыағаш аудандық отбасы, ана мен бала құқын қорғау комитеті бұл жайлы біле ма екен? Айтпақшы, күйеуі “мен әскери қызметкермін, атымда еш нәрсе болмауы керек” деп үйді әкесінің атына жазған. 7 жыл времянкада тұрып, балалардың аузынан жырып, кірпішін өзі қалап салған үйге енді Жұлдыздың түк қатысы жоқ болып шыға келді», - деп жазды Гүлмира Әбіқай.
Видеодағы Жұлдыз есімді келіншектің күйеуімен отасқанына 8 жыл болған. Араларында 5 баласы бар. Айтуынша, жолдасы оның көзіне шөп салған.
«Соңғы екі жылда күйеуім өзінен үлкен әйелмен жүріп, мені бес баламмен тастап кетті. Онымен қоса, менің ата-анам жоқ екенін біле тұра, тұрып жатқан үйімнен бес баламмен қайын атам екеуі ұрып, қуып шықты. Содан балам стресс алып, қазір ауруханада жатырмыз. Ертең ауруханадан шыққаннан кейін баратын жерім жоқ. Оқу жылы жақындап қалды, балаларымды қайда жайғастырарымды білмеймін. Маған көмек берулеріңізді сұраймын», - дейді Жұлдыз.
Видеоны түсірген келіншек қайын атасының ұрып үйінен қуып жатқанын, заттарын көшеге шығарып тастағанын түсірген. Оқиға орнына тәртіп сақшылары да барған. Аталған жағдай бойынша түсініктеме берген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі «Отбасының Түркістан облысы Полиция департаментінің бақылауына алынғанын» жеткізді.
«Әйел азаматша бұрынғы күйеуінің үстінен арызданған. Тәртіп сақшылары жинақталған құжаттарды Сарыағаш аудандық әкімшілік мамандандырылған сотына жолдады. Сонымен қатар әйел қорғау нұсқамасына алынды. Ал жәбірленуші әйел қайын атасына қатысты полицияға ешқандай арыз-шағым түсірмеген. Егер де қандай да бір шағымы болса, полицейлер тексеру жүргізіп, заңды шешім қабылдауға дайын», – делінген ақпаратта.