Қағазбастылық пен көзбояушылық азаймай келеді: Бектенов әкімдіктерді сынады
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында инклюзивті саясаттағы олқылықтарды ашық айтты. Ол мамандар тапшылығы, ұзын-сонар кезек және көзбояушылықтың жүйелі мәселеге айналғанын сынға алды.
Астана, NEGE. Бүгінгі Үкімет отырысында инклюзивті саясатты іске асыру мәселесі қаралды. Жауапты министрлер мен әкімдіктер атқарылған жұмыстарды тізіп, оң есеп бергенімен, жиын соңында Үкімет басшысы нақты ахуалдың әлдеқайда күрделі екенін ашық айтты.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, салада жүйелі олқылықтар сақталып отыр, ал атқарылған шаралардың нәтижесі жеткіліксіз. Оның сөзінше, логопедтер, сурдологтар мен реабилитологтар жетіспейді, ал психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялар барлық баланы уақытылы қамти алмай келеді.
«Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ басқа да өңірлерде «ерекше» балалардың барлығы бірдей біліммен және инклюзивті жағдайлармен қамтылып отырған жоқ. Психологиялық-медициналық педагогикалық комиссия мұқтаж балаларды түгел кешенді тексеруден өткізіп үлгере алмай жатыр. Ұзын кезек бірнеше айға дейін созылып кетуде»,– деді Бектенов.
Бектеновтің сөзінше, білім беру жүйесіндегі дайындық жеткіліксіз. Сондай-ақ, инфрақұрылым мәселесі де шешімін таппаған.
«Мұғалімдердің барлығы бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен қалай тиімді қарым-қатынас орнату керектігін біле бермейді. Заманауи спорт нысандары мен қоғамдық орындар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барынша бейімделген. Дегенмен бассейндерді қолжетімді ету мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Олар арнаулы құрылғылармен толық жабдықталмаған», – деді ол.
Премьер-министр өңірлердегі жұмыстың жүйесіздігіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әкімдіктер деңгейінде ведомствоаралық үйлестіру әлсіз, әркім өз қазанында қайнап, ортақ нәтижеге жұмыс істеу дағдысы қалыптаспай отыр. Соның салдарынан инклюзияға қатысты бастамалар көбіне қағаз жүзінде қалып, көзбояушылық тыйылмай тұр.
«Әкімдіктер тарапынан жергілікті деңгейде ведомствоаралық үйлестіруге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Осы уақытқа дейін нысандарды бейімдеу барысында қағазбастылық пен көзбояушылық азаймай келеді. Вокзалдар мен әуежайларда, вагондар мен ұшақтардың ішінде қолжетімді орта толық көлемде қамтамасыз етілмеген», – деді премьер-министр.
Жиын қорытындысында Үкімет басшысы жауапты органдарға нақты мерзімдермен тапсырма беріп, инклюзиядағы жұмыстар формалды есеппен емес, нақты нәтижемен өлшенуі тиіс екенін ескертті.