18 Қаңтар 15:45

Jusan болмаса, АТБ бар. Нұрекең НЕГЕ теңгеден рубльге ауыспақ?

Вижуал Назарбаев
Фото: Фото: Nege.kz

Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейдегі «АТБ Банкі» сенсация жасап, табыс бойынша рекордты кіріске кенелмек. Әзірге 2023 жылдың 9 айы бойынша көрсеткіштер дайын.

Сол уақыттың ішінде «АТБ Банк» 4,65 миллиард рубль табыс әкелді. Ал жыл қорытындысы бойынша 6 миллиард рубль таза кіріске оңай жете алады. Бұл – 30 миллиард теңгеге парапар. 2022 жылы «АТБ Банк» минустан шығып, 325,3 миллион рубль таза пайда тапқан болатын. Сонда Назарбаевтың банкі бір жылда өз кірісін 18 есеге арттырған.

Прибыль АТБ
Фото: АТБ Банк есептілігі

«Азия-Тынық мұхиты банкі» (АТБ) өз кірісінің негізгі бөлігін пайыздан, яғни кредит беруден тапты. Ортақ түсім бойынша қарасақ, 2023 жылдың 9 айында пайыздық выручка 15 миллиард рубль, комиссиялық түсім 3,5 миллиард рубльге жетті.

Шамолган Назарбаев

«АТБ Банкті» үстінен бақылап отырған, Қазақстан Ұлттық банкінің экс-төрағасы Данияр ӘКІШЕВ қаржы ұйымының басшылығында біраз ауыс-түйістер жасады. Кезінде «7-20-25» ипотекасын бастап, іске асырған қаржыгер Қайрат АЛТЫНБЕКОВ банктің басқарма төрағасы қызметінен былтыр кетіп қалды.

Оның орнына қазір банктің басқарма төрағасы міндетін атқарушы ретінде тағы бір қазақ қаржыгері Марат ЖӘУКЕНОВ басқарып отыр. Марат Амангелдіұлы кезінде «Альянс Банк», «Цеснабанк» сынды қаржы ұйымдарында жұмыс істеген.

АТБ Ресей

Назарбаев қалай Ресейде банк сатып алды? Оның қысқаша тарихын баяндай кетейік.

«АТБ Банк» – негізінен Ресейдің Қытаймен шектесетін қиыр шығысында жұмыс істейтін аймақтық банк. Бас кеңсесі Хейхе өзеніне жақын жердегі Благовещенск қаласында орналасқан. Аталған банк 2019 жылдары банкроттыққа ұшырайды. Оны Ресейдің Орталық Банкі өз қолына алып, қаржылай сауықтырып (санация жасап), 2021 жылы ашық аукционға шығарады.

Сол ашық аукционға «Jusan» қаржылық тобына иелік еткен қазақстандық «Pioneer Capital Invest» компаниясы да қатысады. Оны Данияр Әкішев басқарады, ал компания толығымен Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Олармен бірге АТБ-ны алу үшін «Промсвязьбанк» пен «Совкомбанк» сияқты ресейлік қаржы ұйымдар да таласты. Аукцион қортындысы бойынша қазақстандық «Pioneer Capital Invest» ұсынған баға үздік деп танылып, «АТБ Банк» қазақтардың меншігіне ауысқан. Сол кезде Назарбаев АТБ Банкті – 14 миллиард рубльге, валютаға шаққанда 193 миллион долларға сатып алды.

«АТБ Банк» Нұрсұлтан Назарбаев үшін үздік және ең қауіпсіз актив болуы мүмкін. Ол жылына 6 миллиард рубль таза кіріс әкеліп отыратын болса, өзін сатып алуға кеткен шығынды 2026 жылға дейін толық ақтайды. Ал Нұрсұлтан Әбішұлының Владимир Путинмен достығы банк үшін уайым жеуге бір себеп болуы мүмкін. Нұрекеңнің жеке мәселемен Мәскеуге жиі сапарлауының бір сыры осында жатса керек.