Joint-тың жағымсыз хабары. Құлыбаев НЕГЕ мұнай саласынан кетуі мүмкін?

Олигарх Тимур Құлыбаев иелік ететін «Joint Resourced» холдингі екі жыл қатарынан шығынға ұшырауы мүмкін. 2024 жылы компания 86 миллиард теңге шығынға батты. Ал биылғы жылдың жартысында 3,5 миллиард теңгеге минусқа кіріп отыр.
«Joint Resourced» АҚ – Тимур Асқарұлының шикізаттық, мұнай-газ бизнесін біріктірген басқарушы компания. Бірақ ол былтырдан бері өзінің бақылауындағы компаниялардың барлығын сенімді басқаруға тапсырып, олардың операциялық тірлігіне араласуды қойды. Тек олардың таза пайдасынан дивиденд алып қана отыр.
Тимур Асқарұлы холдингтің негізгі ірі компанияларынан біртіндеп құтыла бастады. 2024 жылы «Шұбаркөл Премиум» акционерлік қоғамын бөліп төлеу әдісі арқылы сатты. NEGE дереккөзінің мәліметіне қарағанда, енді «Каспий нефть» компаниясын сату бойынша келіссөздер жүруі мүмкін. Негізі осы екі компания холдингті тіреп тұрған еді. Қалған ұсақ компаниялардағы үлес бәлендей кіріс әкелмейді.

Тимур Құлыбаевтың мұнайгаздағы рахат өмірі 2023 жылы аяқталған тәрізді. «Joint Resourced» компаниясының табысты ғұмыры 2023 жылмен тоқтады. Сол жылы холдинг 39 миллиард теңге таза пайда көрген. Одан кейін тек қана минуста келеді.
Тағы да сол өзіміздің дереккөздің сөзіне сенсек, 2026 жылға қарай Тимур Құлыбаев өзінің шикізаттық, мұнай-газ өндіру бизнесінен кетуі ғажап емес. Ол тек банк, қаржы саласындағы активін, дәлірек айтқанда, «Halyk» тобындағы үлесі мен жылжымайтын мүлікті басқару және ритейлді сақтап қалуы мүмкін. Себебі қазір тек қаржы саласы ғана олигархқа айтарлықтай кіріс әкеліп отыр.
Біздің ойымызша Құлыбаев «Halyk» тобымен қатар «Кипрос» пен «Mercury Properties» басқарушы компанияларына иелік етуін жалғастыра береді.
Соңғы екі компания «Viled» премиум әшекей фирмасын, «Qazaq Oil» жанармай бекеттері желісін, «Бахус» арақ-шарап зауытын және бизнес-орталықтардағы коммерциялық мүліктерді басқарады. Ал оларға сұраныс төмендеген жоқ.