Израиль Газаға ауқымды шабуыл бастады: «Гедеон арбасы» операциясы іске қосылды

Израиль Қорғаныс армиясы ХАМАС-ты талқандау және кепілге алынған адамдарды босату мақсатында Газа секторына қарсы «Гедеон арбасы» атты кең ауқымды әскери операцияны бастады, деп хабарлайды BBC.
Әскери мәлімдемеде Израиль сарбаздарына сектордағы барлық стратегиялық аудандарға орнығу туралы бұйрық берілгені айтылған. Операция аясында соңғы 24 сағатта 150-ден астам нысанға соққы жасалған.
ХАМАС бақылауындағы азаматтық ведомстволар бейсенбіден бері болған шабуылдардан 25 адамның қаза тапқанын мәлімдеді.
Израиль екі айлық бітім бұзылғаннан кейін наурыз айында Газаны толық қоршауға алған болатын. АҚШ Президенті Дональд Трамп жұма күні Газа секторында халықтың ашығу қаупі жоғары екенін атап өтті.
Израиль әскері операция ХАМАС тарапынан төнетін қауіп жойылып, барлық кепілдегі адамдар босатылғанға дейін жалғасатынын мәлімдеп отыр.
Times of Israel-дің хабарлауынша, «Гедеон арбасы» операциясы Израиль әскеріне Газаға орнығып, гуманитарлық көмекті бақылауға алып, ХАМАС-қа соққы беруге және бейбіт тұрғындарды елдің оңтүстігіне көшіруге мүмкіндік береді.
Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мамыр айының басында Газаға басып кіру жоспары жайында мәлімдеген болатын. Алайда Израиль үкіметі операция АҚШ Президенті Трамптың Таяу Шығыс сапары аяқталғанға дейін басталмайтынын уәде еткен. Трамп жұма күні аймақтан кеткен.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк Израильдің бұл әрекеті халықаралық құқықты бұзуы мүмкін екенін ескертті.
Қазіргі ахуал өңірдегі бейбіт келіссөздердің нәтижесіз аяқталғанын көрсетіп отыр.