20 Наурыз 17:58
...

«Иван Қазақпын» – танымал әнші НЕГЕ тегін өзгертті?

Б
Фото: instagram.com/ivan_breussov

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXХІV сессиясын шақырғаны белгілі. 23-24 сәуір күндері Астана қаласында өтетін шараға орай тілшіміз өнердегі өзге ұлт өкілдеріне шығып, ойын білген еді.

Абдуллина
К.Абдуллинаның жеке мұрағатынан

Карина Абдуллина, әнші-композитор:

                   Бешбармақты сүйіп жейміз...

– Мен өзімді осындай көпұлтты мемлекетте туып-өскенім үшін бақытты санаймын. Біз тіпті интернационал отбасымыз. Солай бола тұра бәріміз бірдей бешбармақты сүйіп жейміз. Сондықтан алдағы мерекеде міндетті түрде ұлттық тағамды жасауға тырысамыз. Менің ұлым оқитын мектепте жұма күні «Ұлттық киім күні» деп белгіленген. Соған сай сабаққа оюмен бедерленген әдемі киім киіп баруға дағдыланған.

Біз елімізді сүйеміз әрі Отанымыздың патриотымыз. Балама да осы бағытта тәрбие беріп келемін. Мысалы, өткенде ұлым Minecraft компьютерлік ойыны арқылы Қазақ хандығын құрастырып шығыпты. Бұл біздің қазақпен біте қайнасып кеткенімізді білдірсе керек. Айналамыздағы аралас-құралас жандар да – қазақтар. Марқұм Болат Сыздықовтың да айнымас досым болғанын жұрт жақсы біледі. Екі тілде бірдей әнге салатыным да сол, біріншіден – бұл жан қалауым болса, екіншіден – халықтар достығын нығайта түсу.

Б
ғаламтордан

Иван Бреусов, әнші:

                  Әйелім – қазақ, текті жердің қызы

– Менің шығармашылық жолдағы лақап атым – «Иван қазақ». Тараз қаласының тумасымын, бала күннен түрлі ұлт өкілінің арасында тай құлындай тебісіп өстім. Бірақ бір-бірімізді ешқашан түр-әлпетімізге қарап бөліп-жарған емеспіз. Орыс ұлтының баласы болсам да, Қазақстанды шексіз сүйемін. Дастарханды бешбармақсыз елестете алмаймын. Талқан мен жентті өте жақсы көремін. Әйелім де – қазақ, текті жердің қызы.

Әпкем Германияда тұрып жатқан соң бізді сол жаққа «көшіңдер» деп жиі шақырады. Біз анам екеуміз Қазақстаннан жырақтап ешқайда кеткіміз келмейді. Себебі менталитетім де қазақпен қайнасып кеткен. Қазіргі таңда қазақша үйреніп жүрмін. Ал Ассамблея тұрғысынан айтар болсам, президенттің ұлттар достығын нығайта түсудегі саясатын әрдайым құптаймын. Береке-бірлігіміз бен тыныштығымыз арта берсін!

Назаров
ticketon.kz

Парвиз Назаров, әнші-композитор:

               Саналы ғұмырым Қазақстанда өтті  

– Егер бұрынғы ТМД мемлекеттерін алып қарайтын болсақ, ұлттар достығы біздің Қазақстанда ерекше көрініс табады. Мысалы, мерекелік шаралар кезінде түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті бір сахнада тоғысқанын көріп, тамсанамын. Осы алуан түрлілікте біздің сүйікті Қазақстанның күші жатыр. Біз бір кісідей осы еліміздің көркеюіне ат салысуымыз керек. Балаларыма да соны айтып отырамын. Менің жарым Әлия – елге есімі белгілі Лұқпан Есеновтың қызы. Кезінде қайын атаммен бірге «Тамашаның» шығармашылық сапарында талай жүрдік. Сол кезде Роза Қуанышқызы бастаған өнер майталмандары мені еш жатырқамастан, білмеген жерімді түсіндіріп, бауырмалдық танытты. Тәжікістанда туып, жастығымды Ресейде өткергенмен, осы уақытқа дейінгі саналы ғұмырым Қазақстанда өтті. Сондықтан жүрген жерімде ұлтық салт-сана мен дәстүрді өзіме сіңіре түстім. Бұл кейін келе жазған әндерімде көрініс тапты. Қазіргі таңда репертуарымда қазақ тілінде жазған әндерім өте көп. Мәселен, «Анашым», «Сұлуым», «Дастархан», «Атамекен» атты орындаған туындыларым арқылы тыңдарман қошеметіне бөлендім.

Қарап отырсам, айналамдағы жора-жолдастарымның  дені қазақ екен. Тіпті өзім жүрген шығармашылық топтағы гитарашы, барабаншы, дыбыс режиссеріне дейін қазақ. Бір-бірімізбен қоян-қолтық араласып кеткеніміз сол, арада ағайындар сияқты татулық орнаған. Осы ретте барлық қазақстандықтарды келіп жеткен Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, бірлік, амандық, саулық әрі тоқтық тілеймін!