IV республикалық колледжаралық театр фестивалі басталды
Халық әртісі Бәйтен Омароватың 95 жылдығына орай IV республикалық колледжаралық театр фестивалі басталды. Марқұмның көзі тірісінде негізін қалаған «Жас сахна» театрында күні кеше шараның тұсауы кесіліп, ел өңіріндегі өнерге таласы бар жастардың басы бір арнаға тоғысты.
Бәйтен Омаров көзі тірісінде негізін қалаған «Жас сахна» театрында күні кеше шараның тұсауы кесіліп, ел өңіріндегі өнерге таласы бар жастардың басы бір арнаға тоғысты.
Биылғы фестиваль Б.Омаровтың қазақ театры мен киносында қалдырған ізі мен қажырлы еңбегін баяндайтын деректі фильмнен бастау алды. Үш күнге жалғасатын шарада Қаскелең мәдениет колледжі, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжі, Жезқазған музыкалық колледжі, Қазақ ұлттық өнер университеті, Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі және Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледждің студенттері түрлі қойылымдар қойып, сайысқа түседі.
Сондай-ақ жастарға бағыт-бағдар беру мақсатында «Сана тілі» және «Сахна қозғалысы» пәні бойынша білікті мамандар шеберлік сыныптарын өткізбек.
«Бәйтеновпен Әуезов театрында «Әпке» атты пьесамды сахналау барысында таныстым», – деген белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков: «Біздің көптеген режиссерлеріміз авторлармен санаспай, туындының өзіне ұнамаған тұстарын алып-жұлып тастайды. Не болмаса, жанынан кейіпкер қосуға әуес. Ал Бәйтен ағамызға ондай қылық жат еді», – деп естеліктерімен бөлісті.
Иә, Бәйтен Омаровтың қазақ театрында алар орыны ерек. Оған Кеңестік кезеңде цензураға іліккеніне қарамастан Мұхтар Әуезовтің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Ғабит Мүсіреповтың туындыларын театр репертуарына енгізіп, сахналағаны дәлел.
1954-1989 жылдар аралығында сол кездегі Семей облысы драма театрында, Ұйғыр мемлекеттік музыкалы комедия театрында, Қазақконцертте, Талдықорған облысы драма театрында бас режиссер болған Омаров кино саласында да басты және эпизодтық рөлдерде ойнап, актерлік шеберлігін танытты.
Өмірінің соңына дейін Жүсіпек Елебеков атындағы эстрада және цирк коледжінде дәріс берген ұстаз колледж ішіндегі «Жас талант» театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері болып, талай жастың қанатын қатайтып, театр әлеміне самғатты.
Қазіргі таңда Омаровтың сол шәкірттері республикамыздағы танымал театрлардың көркемдік жетекшілері, белді актерлері саналады.
2006 жылы өнер иесі көптен армандаған өзінің авторлық «Жас сахна» театрының негізін қалады. Осы ретте әкесінің көзіндей болған өнер шаңырағын шайқалтпай, жас актерлер мен режиссерлер арасында тамаша творчестволық тандем орнатып жүрген Жанна Бәйтенқызының еңбегін ерекше атап өту керек.
Фестивальдің шымылдығын ашу барысында концерт қойған Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің «Соңғы демім қалғанша, соңғы көрермен қалғанша, қазақ театрына қызмет етемін» деген ұраны әртістің асқақ арманын көкке жаңғыртқандай болды.
Қазақ театры мен сахнасында өшпес қолтаңбасы қалған атақты әртістің арманы мен мақсаты да осы еді. «Режиссер мен актер өз ісінің әсіре жанкүйері болмайынша, театрдың өсіп-өркендеуі екіталай...», – деген екен бір сөзінде Б.Омаров.