Италияда өртенген яхтада болған «СуперVIP» қазақтар кім?

Жерорта теңізінің Сардиния жағалауында Қазақстан азаматтары мінген яхта өртенгені туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Италия жағалауында өртенген «Lady MM» яхтасына қатысты біраз қызықты деректердің шеті шықты. Бізге белгілісі, борта барлығы 17 адам болған. Оның 8-і –қазақстандық туристер, қалған 9-ы – экипаж мүшелері.
25 тамыз, сейсенбі күні таңғы сағат 6-да яхта бортынан дабыл қағылады. Италияның жағалау күзеті яхтаға көмек көрсету үшін екі патрульдік қайық пен тікұшақ жіберген. Бірнеше сағаттан кейін өртеніп жатқан қайықтың жолаушылары радио орталығына яхтадан шыққанын және көп ұзамай жағалау күзеті оларды тапқанын хабарлаған. Италия баспасөз құралдарының жазуынша, өрттің шығу себебін анықтау үшін тергеу жұмыстары басталыпты.
Әзірге яхтада болған қазақстандық туристердің кім екені ресми хабарланған жоқ. Кейбір ақпарат көздерінің дерегіне сенсек, яхтада болған қазақстандықтар жай адамдар емес, «суперVIP» дәрежедегі азаматтар көрінеді. Мәселен, Белый лист теллеграм-каналы шетелдік дереккөзге сілтеме жасап, былай деп жазды: «Өртенген яхтада бір кездері Кредит Алтын Банк және Altyn Group Kazakhstan-ға иелік еткен әйгілі Асаубаевтар әулеті демалып жатқан».
2011 жылы Асаубаевтарды қазақстандық алтын өндіруші компанияларды басқара отырып, активтерді офшорлық компаниялар арқылы шетелге шығарды деген айып тағылған. Бірақ іс бейбіт жолмен шешілген-ді. Сарапшылардың пікірінше, Асаубаевтар бизнесінің БЖЗҚ алдындағы жалпы қарызы қазіргі уақытта шамамен 300 миллион долларға жеткен.
Яхтадағы жолаушылардың дені күні бойы құтқару базасында болып, содан кейін полиция бөлімінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беруге мәжбүр болған. Өрттің шығу себебін анықтау үшін құқық қорғаушылар оларды біраз қыспаққа алса керек.
Зерттеу барысында, біраз қызықты жайтқа тап болдық. Ұзындығы 47,5 метр Lady MM яхтасын 2003 жылы ISA Yachts компаниясы шығарған және соңғы рет 2013 жылы қайта жаңартылған екен. Интерьерін Джанет Леро, ал сыртқы дизайнын архитектор Вальтер Франкини әзірлеген. Lady MM яхтасының 5 түрлі каютасы (мастер-люкс, VIP-каюта және үш екі орындық каюта) бар және оған 10 қонақ пен экипаждың 9 мүшесі сыяды.
Boat International порталының мәліметінше, ол 2017 жылы сатылған. Бұрынғы иесі бұл яхтаны алғашқыда 8,5 миллион еуроға бағалаған.
Миллиондаған еуро тұратын кеме өз атауын бес рет өзгертіп үлгерген. Алғашқыда ол April Fool деп аталған, сосын April Fool 2 болып өзгерді, одан кейін SonKa, 360 атауларына ие болған. Қазір Lady MM деп аталады. Желіде яхтаның бұған дейін де үш рет өртеніпті. Соңғысында атышулы «Титаниктік» кебін киіп тынды...
Vesselfinder.com сайтындағы мәліметтерге қарағанда, кеме маусым айында Монако мен Гольф-Жуанға (Канн маңындағы жер, Франция) барған. Ал тамыз айында яхта Сардинияның солтүстігіндегі Порто-Черво курортына баратын болған..
LADY MM (EX 360) яхтасының техникалық құжаты:
Өндіруші: Isa Yacht
Ұзындығы: 47,5 метра
Жасалған жылы: 2003
Қайта жаңартылды: 2013
Тіркелген жері: Кайман аралдары
Корпус: Болат
Құрылымы: Алюминий
Қонақ саны: 10 адам
Экипаж мүшелері: 9 адам
Крейсерлік жылдамдығы: 13
Максималды жылдамдығы: 16
Кеме капитаны Хорватия азаматы Душко Козулич – 20 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Бұрын Жерорта теңізінде Lady MM-ге ұқсас яхталарды басқарған. Козулич 2019 жылдың сәуір айынан бері осы яхтаның капитаны болған екен.
Сенімді дереккөздің хабарлауынша, өртенген яхтада болған қазақстандық жолаушылардың барлығы қазіргі уақытта Италияда. Шамасы, полиция тарапынан тергеуге байланысты олардың шекарадан шығуына шектеу қойылған.