Ыстамбұлда жеті қабатты үйдің үш қабаты опырылып, екі адам қаза тапты
Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Малтепе ауданында 8 қазан таңғы бес шамасында жеті қабатты үйдің үш қабаты опырылып түсті.
Астана, NEGE. Жергілікті билік апат салдарынан екі адамның қаза болғанын растады, деп хабарлайды Milliyet.
Үйінді астынан он адам құтқарылған, тағы екі адам іздестіріліп жатыр.
Халықты тіркеу жүйесінің мәліметіне сәйкес, ғимарат 1987 жылы салынған. Ол жертөле қабаты мен алты жоғарғы қабаттан тұрады. Жертөле коммерциялық нысандарға, ал жоғарғы қабаттардағы 12 пәтер тұрғын үй ретінде пайдаланылған. Ғимараттың құлаған бөлігіндегі төрт пәтерде 14 адам тұрған.
Ғимараттың не себепті құлағаны әзірге белгісіз. Алайда Малтепе мэрі Эсин Кёймен тікелей эфир кезінде ғимараттың жоғарғы екі қабаты заңсыз салынғанын мәлімдеді.
«Пайдалануға беруге рұқсат құжатында ғимараттың бес қабатты екені көрсетілген. Алайда оған тағы екі қабат заңсыз тұрғызылған. Біз муниципалдық мұрағаттағы құжаттарды тексеріп, ғимаратта осындай заңбұзушылық болғанын анықтадық», – деп хабарлады жергілікті билік өкілдері.
Прокуратура ғимараттың опырылуына байланысты тергеуді бастады.