Испаниядан оралған Порошенко карантиннен қашып кетті
Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко коронавирус ауруы өршіп тұрған Испаниядан оралғаннан кейін карантинге жатудан бас тартты, деп хабарлайды Страна.ua.
Алматы, NEGE. Порошенко Киевке 15 наурыз күні түнде ұшып келді. Ол отбасымен бірге шығып, күтіп тұрған журналистермен сөйлесуден бас тартып, көлігіне отырып кетіп қалған. Порошенконың ұлы медициналық маскада болыпты.
Экс-президент чартерлік рейсте бизнес-класспен ұшып келген. Басылымның мәліметіне сүйенсек, Порошенко ұшып келуге 28 мың еуро жұмсаған. Украина елге келген барлық азаматтарды коронавирусқа тексеріп, белгілері анықталған жағдайда клиникаға 14 күнге карантинге жатқызып жатыр. Ал Порошенко бұл шарадан бас тартқан.
Украинаның бұрынғы басшысы Франкфурт арқылы 8 наурызда Испанияға ұшып кеткен еді. Ол Жерорта теңізінің шипажайларының бірінде екі апта емделмек болған. Алайда 17 наурыздан бастап Украина барлық әуе қатынастарын тоқтатпақ. Сол себепті Порошенко мерзімінен бұрын елге оралуға мәжбүр болды.
13 наурызда бір іске қатысты бұрынғы президенттің аты аталғандықтан, Мемлекеттік тергеу бюросы одан жауап алуды жоспарлаған болатын.
Бұған дейін Украинаның бұрынғы премьер-министрі Арсений Яценюктің Киев клиникасына әлсіз жағдайда жеткізілгені хабарланған еді.