27 Ақпан 17:26
...

Көлбаевтың «форматы» өзгеріп кетті, ал Исабаев боксшы емес...

Коллаж
Фото: Коллаж NEGE

16 ақпанда «Талдықорғанда тағы «қызық» болып жатыр: Көлбаев концлагердің бастығы ма?» деген мақала жариялап, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың біртүрлі бастамасын сөз еткенбіз.

Жетісу облысының мемқызметшілері бүй деп БАҚ-қа шағымданған: «Біз аптасына бес күн жұмыс істейміз, бірақ облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев «денсаулық күні» деген спорттық акция ойлап тауып, 3 ақпаннан бастап әр сенбіде сағат тоғыздан таңғы жаттыуға келуге мәжбүрлеп жүр. Бізден келісім сұраған да жоқ. Еңбек инспекциясына неге арыздана алмайтынымызды түсінетін шығарсыз? Мәселен 10 ақпан күні таңда жиналдық та, 5 минут тұрып, тарап кеттік.

Зам әкім
Коллаж NEGE

Демалыс күні уақытымызды отбасымызға арнауымыз керек екенін және бұл біздің заңды демалысымыз екенін, акция бізге ұнамайтынын басшылыққа түсіндіруге тырыстық. Алайда басшылықтың жауабы бір: «Шықпасаңдар, жұмыстан кетіңдер! Бұйрықтың аты – бұйрық!». Осылайша біздің құқығымыз тапталып жатыр. Басшылық бюрократияға бас ұрғанша, нақты нәтиже көрсеткені жөн еді...»

Осыдан кейін біз Марлен Қапашұлына ресми сауал жолдап, төмендегідей сұрақтар қойдық:

1. Жетісу облысында әр сенбіде «Денсаулық күні» деген шара жүріп жатқаны рас па? Бұл акцияны кім ойлап тапты?

2. Акция облыс әкімі Б.Исабаевпен келісілді ме?

3. «Денсаулық күні жұртпен бірге жаттығу жасайсыз ба? Облыс әкімі ше?

4. Сенбі күні таңғы жаттығуға шықпағандар жұмыстан қуылуы мүмкін бе?

5. Сенбі-жексенбі – заңды демалыс күні екені, ол күндерді әркім өз қалауынша өткізуге құқылы екенін білесіз бе?

6. Әр сенбіде «Денсаулық күні» бұдан әрі де жалғаса бере ме, әлде форматы өзгере ме?

Жауап көп күттірген жоқ, төрт күннен соң облыс әкімінің орынбасарынан үшбу хат келді. Марлен Қапашұлының едел-жедел жауабына разы болдық. Әсілі, «Денсаулық күні» жасаған жаттығуының пайдасы тисе керек. Ал біз жауапты жариялауды бірер күнге кешіктіріп алғанымыз үшін Көлбаевтан кешірім сұраймыз.

жауап
Фото: NEGE

Жоғарыда айтқанымыздай, Марлен Қапашұлының жұртпен бірге жаттығу жасайтыны – құптарлық іс. Бірақ бір рет төбе көрсетіп, одан кейін қатыспай қою – әкімнің орынбасарына жараспайтын қылық. Алдағы уақытта форматы өзгерген «сенбіліктердің» бәрінде Көлбаевтың өзі жүреді деп сенеміз.

Ал енді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевқа көптен көңіліміз қалып жүр. Өткен жылы брифингте әкімнің: «Жаңа Қазақстанның қандай болатынын білмеймін, оның фотосын маған ешкім көрсеткен жоқ», – деп дипломатқа жараспайтын қылық көрсеткенін де ұмытқамыз жоқ.

Жетісу облысының әкімі
Коллаж NEGE

Бейбіт Исабаевты білетіндер «тәуір боксшы» дейтін. Сол сөз бекер сияқты. Егер ол боксшы болса, әр сенбіде Талдықорғанның орталық алаңында орынбасары екеуінің жұртпен бірге жаттығу жасағанын және кәнігі боксшылардай «грушаны» тарс-тұрс соғып жатқанын көретін едік қой!

Жетісудан жетіп жатқан көп мақтауларға сене бермейміз де содан. Өйткені Исабаев боксшы емес, ал Көлбаевтың «форматы» аяқ астынан өзгеріп кетеді...