25 Мамыр 18:52
...

«Ырымға салдым...» – Марат ОМАРОВТЫҢ Голливудтағы «ДАҢҚ АЛЛЕЯСЫНА» аты жазылғаны рас па?

Фото:
Жуырда АҚШ-та тұрып жатқан  Марат Омаров Голливудтағы «Даңқ аллеясында» өзінің-аты жөні жазылған жұлдыздың жанында

түскен суретін желіге салған еді. Бұдан соң алыстағы қандасымызға тілеулес болып жүрген  біраз ағайын құтты болсын айтып қуанысса, ендібіреулер «қандай еңбегі үшін берілді?» десті.

NEGE тілшісі АҚШ-та жүрген композиторға хабарласып, мәселенің анық-қанығын сұрады.

Голливудтағы «Даңқ аллеясына» есіміңіз жазылғаны рас па? Осының анық-қанығын өз аузыңыздан естісек.

– Мәселе былай, мен композитор ретінде Лос-Анджелестегі таланттарды қолдайтын «Production Company» атты үлкен компаниямен келісім шарқа отырған едім. Менің әндерімді жазып, бейнебаяндарымды түсіріп, шығармашылығымды шыңдау сол мекеменің құзырында. Ал менің міндетім – тұшымды туындылар жазу.

Бұған дейін ағылшын тілінде Hollywood Stars деген ән жазған болатынмын. Шарт жасасқан әлгі компания осы әнге бейнебаян түсірді, қазір ол өңделіп жатыр.

Сол кезде «Даңқ аллеясында» менің де жұлдызым жанған сәттің көрінісі қажет болды. Түсірілім барысындағы сол кадрды ырымға салып, желіге жүктедім.  

Дегемен, жұлдызым жанатын қуанышты күн де алыс емес деп ойлаймын. Себебі, серіктестік орнатқан шығармашылық орталық менің көптеген қайырымдылық акцияларға қатысқанымды ескеріп, Жұлдыздар аллеясынан орын алып бермекке құжаттарымды қамдап жатыр. Менеджері екі ел арасындағы мәдени көпір есебінде жасаған еңбектеріме орай тоқсан пайыз мені мақұлдауға мүмкіндік барын айтуда. Сондықтан жақсы жаңалық пен тамаша бейнеклип күтіңіздер.

– Сонымен, қайырымдылық концерттермен АҚШ-тың қанша штатына табан тіреп үлгердіңіз?

– Көпшілік білетіндей, 2021 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан бойынша мәдениет жөніндегі кеңесшісімін. Бұл жаққа «талант виза» арқылы табан тіредім. Бұл виза түрі  мәдениет, өнер және спорт қайракерлеріне беріледі. 

Уркаина мен Ресей арасындағы қырғи-қабақ жағдайды тоқтату жөнінде достықты дәріптейтін түрлі қайырымдылық шараларға қатысып келемін. Атап айтар болсам, Филадельфия, Чикаго, Нью-Йорк, Голливуд, Майами, Сан-Франциско, Сан-Диего, Хьюстон, Нью-Джерси, Орландо, Вашингтон, Санта-Барбара, Бостон, Вирджиния сынды жиырма шақты қалаларда ән шырқап өнер көрсеттім.

– Айтпақшы,  АҚШ төрінде «Қазақтар» деген ән шырқағаныңызды естіп едік...

– Иә, бұл әннің тұсауы Вашингтонда кесілді. Алда АҚШ-та жер-жердегі қазақтардың басын біріктіретін үлкен құрылтай өтеді. Бұйырса, сол жерде «Қазақтар» әнін шырқап, қандастарымды тағы бір қуантсам деп отырмын.

– Елде жүргенде біраз жеткіншектің жұлдызын жаққаныңыз бар. Мұхиттың арғы жағында да сол әдетіңізден жаңылмаған боларсыз?

– Иә, мен 1998 жылы елде жүргенде «Наурыз» шығармашылық қорын құрып, «Марат жұлдыздары» балаларды дамыту орталығын аштым.  Марқұм Роза Бағланова апамыз батасын беріп,  жас таланттарды шыңдауымды тапсырды. Бұл «Балбөбек», «Әнші балапан» жобасымен жалғасын тауып, өнерлі балалардың өрістеуіне мүмкіндік сыйлады.

Мысалы, «МузАрт» тобынан бастап, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі дейсіз бе, көптеген өнерпаздар менің әндерімді айтып шығып, шығармашылығын шыңдай түсті.

Сондай-ақ Еркеш Хасен мен Рүстем Жүгінісовтей таланттарды  алыс-жақын шетелдегі біраз конкурстарға қатыстырып, бақтарын сынаттым.  Шүкір, қазір ол балалардың бәрі  Қазақстанға танымал әншілер.

Сондай игі жобаларымды қайта жандандыру мақсатында осы жақтан арнайы  Marat Stars продюсерлік орталығын аштым. Арманым – жер-жердегі талантты жастардың өнерін шыңдап, Марат жұлдыздарын қалыптастыру. Олардың да арасында бір Димаш жүрген шығар, кім біледі?!

Наурыз айында Лос-Анджелес қаласындағы дарынды балалар арасында арнайы фестиваль өткізіп, ән мен биге таласы бар біраз талантарды іріктедік. Бұйырса, қаржы жағы шешімін тауып жатса, ТМД-дағы, оның ішінде ең алдымен Қазақстандағы жасөспірімдер арасында үлкен шара өткізу жоспарым бар. Ол енді алдағы күннің еншісінде. Бар ойым осындай игі бастамалар арқылы қос елдің арасында достық көпір орнату.

– Кенже қызыңыз Бибімариямның да өнерлі жеткіншек екенін білеміз. Әке жолын қуып, болашағын өнермен байланыстыратын болар?

– Қызым он екі жылдық мектепті жақсы бағамен бітіріп, Нью-Йорк фильм академиясына құжаттарын тапсырды.

Шүкір, конкурстарынан абыроймен өтті. Осы уақыт ішінде  би де биледі, ән де салды, жүргізуші де болып, өнердің түрлі бағытында бағын сынап көрді. Ақырында  кинорежиссер болсам деген тоқтамға келді.

Қазір өзі сценарий жазып, өзі таспалайтын дәрежеге жетті. Алда тамаша туындыларымен қуантады деген үмітіміз бар.

– Біраз ел мен жер көріп жүрсіз ғой. Айтыңызшы, елдегі талантты жастар мен жеткіншектерді танытудың тағы қандай жолы бар?

– Менің жасым келіп қалғанына қарамай мұхит асудағы мақсатым да осы – талантты жастарды таныту. Олардың тіл үйреніп, өзге жұртты өнеріне мойындату жолында бағыт-бағдар беру. Қазақ талантқа толы халық, бірақ соны бағалай алмайтынымыз көңіл құлазытады. Диашымыздың да Қытайда өткен байқау арқылы бағы жанғаны белгілі. Әйткенмен, біздің елде де түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Бірақ әділдік жоқ. Бізді ру-руға бөлініп, тамыр-таныстыққа салу құртып жатыр. Талантты тани білу де – өнер.

Тегтер: