13 Желтоқсан 13:19
...

Ирактан табылған жетім балалар қазақ болуы мүмкін

Фото:

«Ирак жерінде әке-шешесінен айырылып, тұл жетім қалған қос бүлдіршін Қазақстан азаматтары болуы мүмкін». Мұндай ақпаратты Tengrinews.kz сайты ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасай отырып ұсынуда.

«Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласында болған әскери қақтығыс кезінде бір әйел екі баласын жетелеп, көшеге жүгіріп шыққан. Ол өздері құсап жауған оқтан жантасалап қашып бара жатқан жергілікті жасөспірім қызды көріп қалады. Сол қызға жетегіндегі екі баланы, алтын бұйымдарын, үйінен алып шығып үлгерген заттарын ұстатып, балаларға бас-көз болуын өтініп сұраған. Сосын, ирак қыз бен кішкене балақайлар шамалы жер ұзаған кезде, қатты жарылыс болған. Әлгі әйел сол жерде қаза тауып, балалары жарақат алған. Кішкене балалардың бірінің көзінің айналасында тыртығы бар, екіншісінің аяқ-қолдарының саусақтары жоқ» деп жеткізген басылым тілшісіне Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы Данияр Байбеков.

Қазір балалар Бағдаттағы балалар үйінде. Олардың жасы шамамен 3-4 жаста. Әзірге тілдері жоқ, сөйлей алмайды. СІМ-дегілер бұл балалардың бізден кеткен Қазақстан азаматтарының перзенттері болуы мүмкін екендігіне күмән келтірмей отыр. Бәлкім, елде олардың туған-туыстары табылып қалар. Сол себепті, мына суреттегі балаларды танығандар болса, төмендегі телефонға хабарласуын өтінеміз: 8 (7172) 72-01-64, 72-04-71, 72-01-11.

Еске сала кетсек, Қазақстан бұған дейін Ирак жерінен ата-анасыз жетім қалған 14 баланы жеткізген. Олар астанадағы қолдау көрсету мекемесінде болып, қазір туыстарына тапсырылды. Мүмкін, бұл балақандардың да туыстары табылып қалар.

Тегтер: