5 Қараша 10:39
...

Инфобизнес деген не: АЛАЯҚТЫҚ па, әлде ПАЙДА көзі ме?

Фото:

Инстаграм сияқты әлеуметтік желілердің пайда болуымен бірге «инфобизнес», «инфосыған» деген түсінік те қолданысқа енді. Қазіргі уақытта курстар мен марафондар, тренингтер және семинарлар сататындардың жұмысы қызып тұр.

Бұған дейін «инфобизнеспен тек жазылушысы көп блогерлер айналысады» деген түсінік болса, қазір мұғалімдер, дәрігерлер мен заңгерлер сияқты түрлі маман иелері де осы саланы жағалай бастаған. Тіпті ірі кәсіптің тұтқасын ұстап, банк басқарған танымал бизнесмендер де біртіндеп инфобизнеске өтіп кетті.

Инфобизнеске табандап қарсы шығу әбестік болар, бірақ кейбір оқиғалар ойлантпай қоймайды. Мысалы, жақында бір блогер өзінің инстаграмдағы жазылушысы түрлі курстарды қарызға сатып алып, кредитке белшесінен батқанын айтты. Ол үш баласы бар жалғызбасты әйел екен. Блогер маркетолог маманмен бірігіп, осы әйелге басқа бір курсты тегін үйретіп, қарызынан құтылуға көмектеспек.

«Аспаннан ақша жаумайды»

Түрлі курстарды қарызға сатып алып, одан ешқандай нәтиже шығармау сауатсыздықтың белгісі ме, әлде ақша ұстай алмау ма? Мұны инстаграмда 400 мыңнан артық жазылушысы бар танымал блогер-мобилогроф Ақерке ӘБІЛХАННАН сұрап білдік.

– Менің курсымды сатып алатындардың көбі – балалы-шағалы әйелдер. Сондықтан жастар немесе үлкен кісілер туралы ештеңе айта алмаймын, тек өз оқырмандарым туралы айтайын.

Олардың бірі курсты «прогревтің» қызуымен алып қояды. Прогревтің міндеті – қыздыру арқылы сату. Ол маркетингтік қадам ғана. Бірақ мен прогрев өткізген кезде: «Қыздар, ешқандай сиқырлы таяқша жоқ. Курсты сатып алғаннан ештеңе өзгеріп кетпейді. Өз еңбектеріңіз арқылы ғана нәтижеге жетесіздер», – деп ескертемін. Бірақ сөйткен күннің өзінде олардың көбі курсты өздеріне сеніп емес, сенің жетелейтініңе, сенің нәтиже шығарып беретініңе сеніп алады.

Сабақ басталған соң бір-екі күн қуанып жүреді де, кейін тапсырманың көп екенін көріп, жалғастырғысы келмей қалады. Сосын тапсырмаларды орындамаудың қырық сылтауын айтады. Сатып алған курстан нәтиже шығара алмаудың бір себібі осы – жалқаулық», – дейді блогер.

Маркетингтік сайттарға жүгінсек, прогрев дегеніміз – сатып алу әрекеті жасалғанша потенциалды клиенттің назарын контент арқылы ұстап тұру.

Инфобизнес табысты салаға айналғаннан кейін ел ішінде «инфосыған» немесе «ауа сатушылар», «үміт сатушылар» деген түсінік те пайда болды. Ақерке Әбілхан курс сатып алушылардың арасында «үміт сатушыларға» алданып қалатындар да бар екенін айтады.

– Күйеуіміз бізге қымбат сыйлық сыйлауы үшін мынандай техника жасау керек немесе аспаннан ақша жауады деген сияқты иллюзияларға сеніп, танымал адамдардың курсын сатып алатындар бар. Ал ол адамның осы дәрежеге қалай жеткенін бағамдап, зерттеп, ойланбайды.

Курс сатушылардың да белгілі бір деңгейде кінәсі бар. Себебі олар нәтижесі жоқ, қолынан келмейтін нәрсені сатып отыр. Сондай-ақ, курс сатып алушылардың да жауапкерлігі бар екенін айта кету керек. Сатып алатын курсыңыз сізге не беретінін жақсылап ойлану қажет»,  – дейді ол.

«Аңқау елге – арамза инфосыған»

Ал инфосығанның инфобизнес өкілінен қандай айырмашылығы бар екенін «Shuaq SMM school» агенттігінің жоба жетекшісі Маржан ТӨЛЕЕВА түсіндіріп берді.

– «Инфосыған» деген ресми теримин емес. Ол интернет кеңістігінде өзінің сапасыз өнімін немесе тіпті жоқ нәрсені сататын адамдарды халық арасында «инфосыған» деп кетті.

Аты айтып тұрғандай, инфобизнесмен – ақпаратты сатады, ал инфосыған – жоқ нәрсені сатады.

Инфобизнесмен мақсаты –ақпараттың теориясы мен практикасын қосып, жүйелеп, түсінікті етіп, тұтынушыны белгілі бір бастапқы «А» нүктесінен сол курстың мақсаты, мағынасы мен идеясына қарай «Б» нүктесіне дейін жеткізу және соған жеткізетін техникалар мен әдістемелік материалдарды онлайн қабылдайтындай етіп беру.

Содан кейін, психологиялық білім, коучинг немесе даму туралы сабақ беретін адамдарды да көбі «инфосыған» деп атап жатады. Бірақ олар нақты мамандық болатын және ақша табатын білім болмаса да, адамның ішкі дамуына қажетті білім бере алады деп ойлаймын. Сондықтан оларды мен инфосығанға жатқызбас едім, –дейді Маржан Төлеева.

«Маркетологтар психологияны жақсы меңгерген»

Ал психолог Назира БҰРХАНОВА инфобизнесмендер қолданатын маркетингтік тәсілдердің көбі тұтынушының психологиясына әсер ететінін айтады.

– Психологияда «Мүмкіндіктерді өткізіп алудан қорқу» синдромы деген болады. Онда адамдар мүмкіндікті өткізіп алсам, қайтып келмейді деп ойлайды. Соны пайдаланған маркетологтар «курсқа қазір жазылмасаңыз, құр қаласыз» деп асықтырады. Мұндай жағдайда жағымды нәрселерді көбірек ойлау жақсы көмектеседі. Мысалы, мына курсқа қатыса алмай қалдым, мына семинарға бара алмадым дегенде, есесіне, уақытымды пайдалы өткіздім деген сияқты нәрселерді көбірек ойлау керек.

Сондай-ақ, курс сататындар «мен де сондай болғанмын» деп өмірлерінен триггер болатын бір оқиғаны айтып, сатып алушының сеніміне кіреді.

Бізде адамдардың ішкі жарақаттары көп жағдайда ортақ келеді. Сол көп жарақаттардың біріне сәйкес келсе, сатып алушы ойлана бастайды. Сондықтан әркім сыни ойлау қабілетін жетіліріп, «ішкі тіректі» күшейтуі керек, – дейді маман.

Психологтың сөзінше сыни көзқарасы жақсы дамыған адам маркетингтің құрығына түспейді.

– Сыни көзқарас адамда бала кезінен қалыптасады. Тіпті адам өмірге келгеннен оның осы өмірде өз орны бар екенін білдіруден, сезіндіруден бастау алады. Мысалы қуықтай бір бөлме болса да, оның бір бұрышы сенікі, сенің ойыншықтарың, сенің заттарың тұратын жер, осы жерде демаласың деп балаға жеке шекарасын түсіндіру керек. Сол кезде бала өз шекарасын қорғап, басқаның да жеке кеңістігін бұзбауды үйренеді. Өзін тұлға ретінде түсінетін болады. Барлығы «фундаменттің» дұрыс қаланғанына байланысты.

Кей ата-ана баласына тіпті киім таңдауға мүмкіндік бермейді, өзі сатып ала салады. Киім таңдап кию де адамның жеке таңдауы мен сыни көзқарасын қалыптастырады. Адам басқаға иек артпай, өз жауапкершілігін өз мойнына алуды бала кезден үйренеді.

Менің ойымша, адамдардың маркетинг құрбаны болып жататыны да осыдан. Оларда бала кезінде таңдау құқығы болмаған және пікірі ескерілмеген, – дейді психолог.

Еске сала кетейік, биыл 10 шілде онлайн кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы» заң қабылданды.

Заңға сәйкес, блогерлер маркетингтік қызметінің жарнама екенін міндетті түрде айтуы тиіс. Сонымен қатар, блогер кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекетке салық төлеуге міндетті.

Тегтер: